Марлан Мұқашев: Азия біріншілігінен сырт қалдым, ендігі мақсат - әлем чемпионаты

Марлан Мұқашев: Азия біріншілігінен сырт қалдым, ендігі мақсат - әлем чемпионаты
Күрес

Грек-рим күресінен Бішкекте өткен үшінші рейтингілік турнирде қазақ балуаны Марлан Мұқашевтың жұлдызы жанды. Ол аталған сында барлық қарсыласын еш күмәнсіз жеңген болатын. Бұл Марланның Қазақстан атынан жеңіп алған алғашқы ірі жүлдесі. Bassport.kz сұрақтарына жауап берген балуан мансабында ұзақ үзіліс болғанын да жасырмай айтты.

- Марлан, жеңіс құтты болсын! Сізді халықаралық жарыстардан жиі көре бермейміз...

- Иә, көпке дейін ел чемпионатында екінші-үшінші орын алып жүрдім. Соңғы рет өткен Қазақстан Спартакиадасында топ жарған соң, ұлттық құрама сапында жарыстарға қатыса бастадым. Бірақ сізді Астанада өткен Азия чемпионатынан көрмедік... Спартакиада чемпионы ретінде қатысамын деп ойлағанмын. Бірақ Аманғали Бекболатов бақ сынады. Себебі Египетте өткен рейтингілік турнирде мен одан жеңіліп қалған едім. Бапкерлер бұл халықаралық бәсеке болған соң, Каирдегі көрсеткішке басымдық берді.

- Бішкектегі турнирде басты қарсыласыңызды ұтып кеттіңіз. Қырғыз жеріндегі жарыс жайлы не айтасыз?

- Қырғызстандағы рейтингілік турнир жоғары деңгейде өтті. Бірінші белдесуде әлем чемпионатының қола жүлдегері, өзбекстандық Жасурбек Артықбаевты айқын басымдықпен жеңдім. Кейін өзімнің командаласым Аманғали Бекболатовпен кездесіп, 9:3 есебімен ұттым. Аманғали өте тәжірибелі балуан. Менің салмағымдағы басты қарсыластардың бірі. Финалда өзбекстандық тағы бір спортшы, Азия чемпионатының жүлдегері Ихтияр Батыровты жеңдім. Ол физикалық жағынан өте мықты жігіт екен. Бұл рейтингілік турнир болған соң, балуандарға көрсеткішіне қарай ұпай береді. Қазір мен өз салмағымдағы рейтингте 13-орында келемін.

- Осыдан соң күзде өтетін әлем чемпионатына қатысатын мүмкіндігіңіз бар ма?

- Менің әлем чемпионатына қатыссам деген арманым бар. Өз міндетім – жақсы күресіп, жақсы нәтиже көрсету. Осылайша, бапкерлердің, жанкүйерлердің сенімін ақтағым келеді. Әрине, әлемдік сынға қатысып, ел абыройын асқақтату – басты мақсатым. 

- 55 келі олимпиадалық салмаққа жатпайдыСалмақ ауыстыру ойыңызда бар ма?

- Дәл қазір мұндай жоспар жоқ. Қазіргі жоспарым – әлем чемпионатында бақ сынау. Оның үстіне, Олимпиадаға бір жылдай уақыт қалды. Бұл кезең салмақ ауыстыру үшін жеткіліксіз. Сондай-ақ Олимпиада бағдарламасына енетін 60 келі салмақта өз мықтылары бар. Мәселен, Айдос Сұлтанғали. Ол қазір жарақатынан айығып, жаттығуды бастап кетті.

- Өз салмағыңыздағы әлем үздіктерімен белдесіп үлгердіңіз бе?

- Әлем чемпионы Нугзари Цурцумиямен кездесіп, жеңген болатынмын. Басқаларымен әлі жолым түйіспеді. Бұл салмақтың көшбасшылары қатарында әзірбайжандық Елдениз Азизли сынды азулы балуан да бар. Азизлиді біздің Хорлан Жақанша 2019 жылғы әлем біріншілігінде ұтқан.

- Сіздің мансабыңызда ұзақ үзіліс болған екен...

- Иә, 2015-209 жылдар аралығында үлкен спорттан шеттеп қалдым. Бұған салмақ қууға арналған дәріні ішуім себеп болды. Спорттан шеттеткен мерзім аяқталып, енді кілемге ораламын дегенде, әлемде пандемия басталып кетті. Осылайша, бес жыл бойы кәсіби спорттан қол үзіп қалдым. Бірақ күреске деген ынтам еш бәсеңдеген жоқ. Жаттығуды үзген жоқпын. Көбіне футбол ойнайтынмын. Қазір толықтай бабыма ендім деп айта аламын.