Қырғыздарға қызыға тұрамыз немесе қазақ балуандарының биігі - бір алтын
Грек-рим күресінен Қазақстан командасы өз еліміздегі Азия біріншілігінен жалғыз медальді місе тұтты. Есесіне, қола саны көп. Ал финалға шыққан үш балуанымыздың екеуі жеңіліс тапты. Медаль саны қомақты болғанымен, алтыны аз біріншілік біздің әлі де балуан ел еместігімізді көрсеткендей…
Отыздан кейінгі олжа
Грек-рим күресінен 72 келіге дейінгі салмақта сынға түскен Ибрагим Магомадов өз мансабында тұңғыш рет Азия чемпионы атағын жеңіп алды. Бұл – 32 жастағы балуанның тырнақалды табысы. Бұған дейін ірі әлемдік жарыстарда көзге түспеген Ибрагим өз жеріміздегі жарыста тұтас бір құраманың абыройын жапты десек, артық емес. Себебі жанкүйер алдында Нұрсұлтан Тұрсынов (87 келі) ирандықтан ойсырай ұтылса (0:8), Диас Қален өзімен деңгейлес қырғыз балуанын айқын жеңе алмады (2:3). Осылайша, үш финалдың екеуінде жеңіліс тапқан соң, бір алтын болса да бұйырғанына қуандық. Жиырмасында жарқырай алмаған Ибрагимнің отыздан асқанда олжалы бола бастағаны расында, қуантады. Былтырғы әлем чемпионатында қолаға күресіп, қолда тұрған жеңістен айырылып қалған еді. Азияның бұл алтыны тісқаққан балуанға тағы да күш берері сөзсіз. Тек оның олимпиадалық салмақта болмағаны қынжылтады. 72 келі салмақ төртжылдық додасының бағдарламасына енбеген.
Бір қадам артқа…
Былтыр Азия чемпионатының финалында күрескен Аманғали Бекболатов үшін алтынның ауылы алыстап барады. 55 келіде белдескен балуан жартылай финалға жетпей-ақ, жеңіліс тапты. Абырой болғанда, Бекболатовтан басым түскен үнділік Рупин Рупин финалға жетіп, біздің үкілеген спортшымызда жүлдеден үміт пайда болды. Аманғали жұбаныш белдесуінде қырғыздың, қола медаль үшін күресте қытайдың балуанын айқын жеңгенімен, өз салмағындағы алыптарға әлі де тісі батар емес. Былтырғы күмістің алтынға емес, қолаға айналғаны осының дәлелі. Сондай-ақ өткен жылы сары құрлықта қарсылас шыдатпаған Әлімхан Сыздықов (130 келі) биыл қоланы місе тұтты. Қарсыластарына бірде салмағы, бірде күші жетпей жүрген Сыздықов Астанада қытайлық балуанынан ірі есеппен ұтылды. Олимпиадалық салмақтағы алыбымыз жеңілістің себебін алдағы уақытта түсіндірмек. Ал 77 келіге ауысып, Олимпиадаға қатысуды көздеген Демеу Жадыраев әзірге жеңілістен көз ашар емес.
Сұлтанғали сапта жоқ, Ернұрдың биігі – қола
Грек-рим күресінен қазақтар үшін қолайлы саналатын 60 келі салмақ дәрежесінде Ернұр Фидахметов жүлдесіз қалды. Былтырғы Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған Ернұр өз жеріміздегі сында алдымен кәріс балуанынан ұтылса, медаль үшін таласта қытайлық қарсыласына есе жіберді. Осы салмақта әлем чемпионатынан екі рет қола жүлдегер атанып, 2021 жылғы Азия біріншілігінде топ жарған Айдос Сұлтанғали қатарда жоқ. Оның неліктен жарысқа қатыспағаны белгісіз. Ал соңғы ел Спартакиадасында алтын алған Айбек Сабырбеков пен күміс жүлдегер Азамат Құрманнан аттап өтіп, құрлықтық сында ел намысын қорғаған Фидахметовтің бұл чемпионатқа қалай таңдап алынғаны тағы да түсініксіз… Фидахметовтің бүгінге дейінгі биігі тек қана қола медаль болып отыр. Чемпионат аяқталған соң, Серік Жұмашевқа көп нәрсені түсіндіруге тура келеді…
Бес қола бір алтынға жетпейді
Астанадағы Азия чемпионатында біздің балуандар бес қола еншіледі. Олардың қатарында жас балуан Мұхамедәлі Мамырбек, тәжірибелі спортшы Алмат Кебіспаев пен 97 келідегі Олжас Сырлыбай бар. 36 жасқа келіп, Азияның қоласын алған Алматқа өкпелеуге болмас. Кебіспаев нағыз бабында тұрған шағында Азияны екі рет бағындырған, бертін келе қоланы қанағат тұтып келді. Спорттық мансабында біраз үзіліс алып, кілемге қайта оралған Алмат үшін кешегі қоланың да керемет көрсеткіш екені сөзсіз.
Осы салмақтағы Мейіржан Шермаханбет жарақатынан тезірек жазылса, Дінмұхаммед Қошқар мен Сұлтан Әсетұлы тезірек ысылса деген тілек бар. Ал әзірге қырғыздарға қызыға тұрамыз. Олар Астана кілемінен үш алтын алып кетті. Азияның емес, әлемдік күрестің жұлдыздары Ақжол Махмұдов пен Жоламан Шәршенбековтің қатарына енді Ақылбек Таланбеков те қосылды. Қырғыз балуандарына бұйырған бақтың бізге де қонуын тілегеннен басқа, амал жоқ… Өкініштесі сол, олимпиадалық салмақта оқ бойы озық тұрған ешкім жоқ. Ал Париж ойындарына іріктеу кезеңі басталатын уақыт алыс емес. Шамасы, бізге жолдама алу да әдеттегідей қиынға соғатын сияқты...
Автор: Ақырыс Сейтқазы