Азия чемпионатының алғашқы күнінде алтын жоқ

Азия чемпионатының алғашқы күнінде алтын жоқ
Күрес

Бүгін Астана қаласындағы Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында күрестен Азия чемпионаты басталды, деп хабарлайды Bassport.kz.


Сары құрлық додасының алғашқы күні грек-рим күресінен 5 салмақтың жеңімпазы мен жүлдегерлері белгілі болды. Серік Жұмашев баптайтын бес балуанымыз жүлде жолында күресіп, төртеуі тұғыр биігіне көтерілді. 

Өкініштісі, ешқайсысы алтын алмады. Аманғали Бекболатов (55 келі) қытайлық Хайфенг Жангты таза ұтып, биылғы Азия чемпионатының қола жүлдегері атанды. Отандасымыз күндіз ширек финалда үндістандық Рупинге есе жіберді. Алайда жұбаныш белдесуінде қырғызстандық Сардарбек Конушбаевты жеңіп, медаль үшін таласуға мүмкіндік алды. 

Аманғали былтыр Моңғолиядағы Азия чемпионатының финалына шығып, жапониялық балуаннан ұтылған.

Ересектер арасындағы алғашқы халықаралық жарысына қатысқан Мұхамедәлі Мамырбек (63 келі) Астанадағы Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алды. Ол жүлде жолында жапониялық Кьезо Маруйаманы таза ұтты. Мұхамедәлі бүгін алғашқы кездесуде қытайлық Хаодонг Танды таза жеңген. Бірақ жартылай финалда өзбекстандық Шермұхаммад Шарибжановтың мықты екенін мойындауға мәжбүр болды.

Бүгін финалға шыққан жалғыз қазақстандық Нұрсұлтан Тұрсынов шешуші ойсырай ұтылды. Ол финалда былтырғы сары құрлық чемпионы ирандық Насер Гасем Əлизадеге шамасы жетпеді. 87 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін отандасымыз күндіз ширек финалда былтырғы күміс жүлдегер өзбекстандық Жалғасбай Бердімұратовты, сосын, қырғызстандық Атабек Азизбековтен басым түскен.

Айта кетейік, Нұрсұлтан биыл ақпанда Алматыда өткен VI жазғы Спартакиадасының жеңімпазы. Ол былтыр Моңғолия астанасында өткен Азия чемпионатында қола медаль жеңіп алған. Насер Гасем Əлизаде былтыр Моңғолия астанасында болған сары құрлық чемпионатының жеңімпазы.

Осылайша, ол елордада өз атағын қорғап қалды. Аса ауыр салмақтағы Әлімхан Сыздықов (130 келі) екінші жыл қатарынан Азия чемпионатында медаль алды. Былтыр Моңғолияда оңтүстік кореялық Минсекок Кимнен басым түсіп, алтыннан алқа таққан қазақстандық бұл жолы дәл сол қарсыласын тағы ұтып, үшінші орыннан көрінді.

Əлімхан күндіз ширек финалда түрікменстандық Айбегшада Куррайевты ұтқанымен, жартылай финалында қытайлық Линчжэ Мэгқа есе жіберді. 

Қазақстандық балуан – биыл ақпанда Алматыда өткен ҚР-ның VI жазғы Спартакиадасының жеңімпазы. 

Алғашқы күннен кейін 4 алтын, 1 күміс жүлде жеңіп алған Иран құрамасы көш басына шықты. Одан кейін 1 алтын, 1 қоламен Қырғыз Республикасы тұрса, үздік үштікті Қазақсан түйіндейді (1 күміс, 3 қола медаль). Бес күнге созылатын бәсекеге құрлықтағы 24 елден 400-ден аса спортшы жиналды. Бұл қатарда Олимпиада, Әлем және Азия чемпиондары бар.