Португалиядан үш медаль. Дзюдо балуандары жылдың алғашқы жарысында қалай өнер көрсетті
Өткен демалыста Португалияның Алмада қаласында дзюдодан жылдың алғашқы жарысы өтті. Аталмыш додаға 81 елден 544 балуан қатысты. Қазақстан спортшылары қалай өнер көрсеткенін Bassport.kz тілшісі сараптап көрген еді.
Біздің құрама сапынан Пиренейге Елдос Сметов пен Ғұсман Қырғызбаев, Ерлан Серікжанов секілді үздіктер қатыспады. Ал қалған мықтының барлығы бақ сынады.
Жудоның отаны Жапония жастарын әкелген екен. Бірақ солардың өзі талай мықтыларды жолдан ығыстырды. Мысалы, 60 келіде Фукула Ямато спорттық карьерасында алғаш рет Гран-приде топ жарды. Финалда тәжірибелі испан балуаны Франсиско Гарригостан басым түсті.
Қазір өзбек дзюдосы жоғары деңгейге көтеріліп келе жатыр. Мұны мойындамасқа болмақ. Португалияда олар екі алтын алды. Алғашқысы, 66 келіде бұйырды. Мухриддин Тиласов финалда бір кездері әлем чемпионы атанған, кореялық атақты балуан Ан Баулдың өзін қапы қалдырды. Бұл жеңіске қатты қуанған Өзбекстан құрамасының бас бапкері Илиас Илиадис эмоциясын жасыра алмады.
Қазақстаннан 60 келіде Қанат Сейілхан мен Мағжан Шамшадин қатысқан. Екеуі де топтан шыға алмады. Мағжан болашақ чемпион Фукула Яматоға есе жіберсе, Қанат украиналық Артем Лесюкке шамасы жетпеді.
Одан кейін 66 келіде Айболат Ыстыбай мен Сұңғгат Жұбатқан белдескен. Алғашқысы жапон балуанына, соңғысы израиль балуанынан айласын асыра алмады.
Ұлттық құраманың белді мүшелерінің бірі – Жансай Смағұлов сәуір айында жарақат алған. Сондықтан әлем біріншілігіне де қатыса алмады. Тек 8 айдан кейін Израильдегі Мастерс додасына бақ сынады. Енді, міне, Португалия татамиінде финалға жетті. Әсіресе, жартылай финалда испаниялық Хосе Антонио Аранданың жауырынын жерге тигізгені осы жарыстың ерекше белдесулерінің бірі болды.
Өкінішке қарай, финалда өзбекстандық Обидхон Номновқа шамасы жетпеді. Соның арқасында өзбектер жалпы командалық есепте Қазақстанның алдын орады.
Осы салмақтағы тағы бір қазақстандық Аңсарбек Ғайнуллин гамбиялық Фэй Нджиді (шидо санымен) және португалиялық Саба Данелияны ұтқанымен, әзірбайжандық Нұрлан Османовқа есе жіберді.
Жоғары салмақтағы балуандардан тек 90 келідегі Дидар Хамза бесінші орын алғаны болмаса, басқалары топтық кезеңнен аса алмады.
Өзге елдің спортшыларынан екі дүркін Олимпиада чемпионы, чехиялық Лукаш Крпалек жақында ауыр салмақтан қайтадан 100 келіге ауысқан. Бірақ бұл жолы ол әлемдік рейтингтіктің көшін бастап тұрған грузин Илья Суламанидзеге есе жіберді. Крпалек қола жүлдені қанағат тұтты.
Еесесіне, қыздарымыз қуантты. Жарыстың бірінші күні 48 келі салмақтағы екі спортшымыз финалда кездесті. Бұрын Гран-прилердің финалында қазақ қыздарын көре бермейтін едік. Бұл жолы тіптен екеуі бірдей шықты. Қайсысы жеңсе де, алтын мен күміс елімізге бұйыратыны жанкүйерлерге шаттық сыйлады.
Алтын үшін айқаста Әбиба Әбужақынова тағы бір жерлесіміз Ғалия Тынбаеваны ұтты. Ерекше айта кететін жайт, Ғалия Тынбаева жар¬тылай финалда португалиялық Ката¬рина Костамен 11 минут 14 секунд күресті. Жерлесіміз қарсыласын годен-скорда жеңді. Тыныбаева қайсарлық танытып, соңына дейін барын салып, жеңісті жұлып алды.
Өзге қыздардан +78 келідегі Камила Берліқаш қола жүлде үшін тарыста қарсыласына есе жіберді. Сұлулығымен тамсандырып жүрген Әйкерім Әбілқадырова алғашында бельгия балуанынан басым түскенімен, келесі кзееңде Венесуэладан келген татами шеберінен айласын асыра алмады.
Сонымен жігіттерден бір күміс, бір бесінші орын, қыздардан бір алтын, бір күміс, бір бесінші орын болды. Жалпы командалық есепте Қазақстан төртінші орын алды. Көшбасында төрт алтыны бар Оңтүстік Корея, екінші орында жарыс қожайыны Португалия, үздік үштікті Өзбекстан қорытындылады.