Мырзағали Айтжанов құрамаға екінші рет оралды. Бұрынғы жетістігін қайталай ала ма?

Б.Төлеуов
Б.Төлеуов
Мырзағали Айтжанов құрамаға екінші рет оралды. Бұрынғы жетістігін қайталай ала ма?
Бокс

Күні кеше бокстан ұлттық құрама бапкері ауысты. Бір жылдан астам тізгінді ұстаған Қайрат Сәтжановтың орнына Мырзағали Айтжанов қайта оралды.


Айтжанов бокс құрамасы үшін таңсық бапкер емес. Бұған дейін 2009-2018 жылдары қызмет атқарған. Жігіттерді екі Олимпиадаға бастап барған. Алтынды топырлатып алмаса да, құралақан қалған емес.


Енді,міне, ұлттық құрамаға қайта оралып отыр. Бұрын-сонды бокста бір бапкердің екінші рет тізгінді ұстауы болған емес. Бұл алғашқы жағдай. Сосын тағы бір қызық жайт, Қайрат Сәтжанов құраманы Олимпиадаға бастап бармған алғашқы бапкер екен.


1993 жылдан бері Қазақстан ерлер құрамасында жеті бапкер ауысқан. Соның ішінде осы Сәтжанов ғана Олимпиадға бас жаттықтырушы ретінде бара алмады.


Мысалы, Атланта Олимпиадасында Әбдісалан Нұрмаханов болды. Одан кейін Сиднейдегі тарихи жетістік Тұрсынғали Еділовке тиесілі. Афиныда Ермахан Ыбырайымов тізгінді ұстады. Бейжіңде Дамир Буданбеков жаттықтырса, Лондон мен Риоға жігіттерді Мырзағали Айтжанов бастап барды. Токиодағы сәтсіздіктің тұсында Ғалымбек Кенжебаев қызмет етті.


Енді Мырзағали Құланов құрамаға қайта оралды. Бокс федерациясы оған бірінші кезекте Ташкенттегі әлем чемпионаты, Азия ойындары және Париж Олимпиадасында сәтті өнер көрсетуді тапсырды. Бұл міндетті 52 жастағы маман қалай орындай алады, ол жағын уақыт көрсетеді.

Әзірге Айтжановтың бұған дейінгі 2009-2018 жылдардағы нәтижелеріне бір тоқталып өтсек.


Ол бас бапкер ретінде ең алдымен 2010 жылы ұлттық құраманы Қытайдың Гуанжоу қаласында өткен жазғы Азия ойындарына алып барды. Шығыстағы көрші елде Серік Сәпиев (69 келі) пен Данияр Елеусінов (64 келі) чемпион атанды. Екеуі де кейіннен Олимпиада ойындарының алтына ие болды. Жүлдегерлер қатарында Біржан Жақыпов (49 келі, күміс); Иван Дычко (+91 келі, күміс), Данабек Сужанов (75 келі, қола) бар. Жалпы командалық есепте үшінші орын бұйырды.



Кез келген спортшы, бапкер үшін ең басты дода әрине, Олимпиада ойындары. Мырзағали Құланұлының 4 жылда бір келетін мәртебелі жарыстағы дебюті 2012 жылы Лондонда басталды. Ұлыбритания астанасында екі қазақ боксшысы финалда өнер көрсетіп, біреуі алтын, екіншісі күміске ие болды. Сондай-ақ 1 қола медаль бар.


Ал қазақ боксшыларының және Мырзағали Айтжановтың даңқын аспандатқан 2013 жылы Алматыда өткен әлем чемпионаты. Алатау баурайында біздің боксшылар 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальды еншілеп, дүние жүзі бойынша командалық есепте 1-орынды жеңіп алды. Осы сында Біржан Жақыпов чемпион атанса, Айтжановтың тағы бір шәкірті Қайрат Ералиев қола жүлдеге ие болды.


Алматыдағы әлем чемпионатының алдында Иордания астанасы Амман қаласында өткен Азия чемпионатында қазақ боксшылары өздерінің рекордтарын жаңартты. Финалға шыққан 8 боксшының жетеуі құрлық чемпионы атанды. Тек Әділбек Ниязымбетовтің ғана жолы болған жоқ. Бұл – Қазақстан құрамасының Азия чемпионаттарындағы рекордтық нәтижесі.


2014 жылы Инчхондағы XVII жазғы Азия ойындары боксшылар мен бапкерлер штабына ерекше сынақ еді. Өйткені, бір жыл бұрын құрлық және әлем біріншілігінде Қазақстанның атағы аспандады. Сол тұғырымыздан түсіп қалмау басты міндет болды. Оның үстіне құрамада 64 келі салмақтан басқасында боксшы ауысқан жоқ еді. Кореяға бірінші нөмірлі боксшыларымыздың барлығы түгел барды.


Ең жеңіл салмақтағы Жақыпов Гуанжоудағыдай финалға дейін қиналмады. Бірақ ақтық сында Корея боксшысы Джонгун Шиннен ұтылып, тағы да алтын медаль сусып кетті. Жерлесіміз бұл боксшыны Қытайдағы Азия ойындарының жартылай финалда кездескенде жеңген. Арада төрт жыл өтті. Оның үстіне бұл жолы Шин өз жерінде өнер көрсетті. Аянып қалсың ба? Жақыповты жеңетін бұдан өзге қолайлы уақытты көріп тұрғаны жоқ. Сондықтан «не бел, не белбеу кетеді деп» алға атойлады. Екеуі де 9 минут бойы жанкүйердің айызын қандыратындай жекпе-жек көрсетті. Төрешінің шешімімен Джонгун Шин чемпион атанды.


Сөйтіп, Жақыпов екі дүркін күміс жүлдегер атанды. Ал өзге салмақтағы финалистердің барлығы алтынды бірінен соң бірін еншіледі.Бокстан Қазақстан қоржынына алғашқы алтынды Сүлейменов әперді. 69 келідегі Данияр Елеусінов қазақ боксшыларының арасынан алғаш болып, екі дүркін чемпионы атанды. Өзбек ағайындарымыз Елшод Расуловтарын айтып мақтанып жүруші еді. Сөйтіп, қазақтан да осындай чемпион шықты. Данияр финалда өзбектің жас боксшысы Исраил Мадримовты жеңген болатын.


Бүгінгі күні кәсіпқой боксқа ауысып кеткен Жәнібек Әлімханұлының әуесқойдағы соңғы жарқылдаған кезі осы Инчхон шығар. 75 келіде қарсылас шыдатпаған, Әлімханұлы Азия ойындарында әдемі бокс көрсетті.



Үнемі ірі додаларда екінші орыннан әрі аса алмай жүретін Әділбек Ниязымбетов финалда шаршы алаң қожайыны Хонгкью Кимді қиналмай ұтты. Қарсыласы жерлесіміздің мықтылығын мойындап, екінші орынды қанағат тұтты.


Әлімханұлы мен Сүлейменов секілді 91 келідегі Антон Пинчуктің де соңғы рет халықаралық аренадағы ірі табысы деп Азия ойындарындағы алтынын айтуға болатын шығар. Антон Инхчонда бұған дейін екі рет есе жіберген өзбек Тулагановты, Оңтүстік Кореяның мықтысы Пак Нам-Енді де жарыс жолынан шығарды. Соңғы қарсыласы Али Мазахериді жақсы дайындықтың арқасында жеңді.


Гуанжоуда күміспен шектелген Иван Дычкоға да Азия ойындарының чемпионы деген атақ Оңтүстік Корея жерінде бұйырды.


Мырзағали Айтжанов тұсында Қазақстан бокс құрамасында үнемі жеңіс ғана бола берген жоқ. Арасында сәтсіздіктер де орын алып тұрды. Мысалы, біздің боксшылар 2011 және 2015 жылғы әлем чемпионаттарынан алтсыз қайтты. Биыл Индонезияда өткен Азия ойындарында да бірде-бір чемпион шыққан. Осыдан 4 жыл бұрын 6 боксшымыз алтын алып, аз уақыттың ішінде бір алтынға зар болып қалуымыз жанкүйерлердің көңіл күйін түсірген жасырын емес.


Айтжановтың тұсында жұлдызы жанған құрама боксшылары


Мырзағали Айтжановтың тұсында ұлттық құрамада жұлдызы жанған боксшылар жетерлік. Бұл тізімге Серік Сәпиевті қоспай-ақ қойсақ болатын шығар. Ол Айтжановқа дейін-ақ 2 дүркін әлем чемпионы атанып үлгерген. Өзге боксшылардан бірінші кезекте Данияр Елеусінов пен Әділбек Ниязымбетовті айта аламыз. Алғашқысы әуесқой бокстағы барлық атақ-даңққа қол жеткізді. Маңғыстаудың талантты боксшысы Әділбекке тек Олимпиаданың алтыны ғана жетіспеді. Өзгесінің бәрі бар.



Мырзағали Айтжановтың тұсында елге танылған боксшылардың жетістіктері:


Данияр Елеусінов – Олимпида чемпионы (2016), Әлем чемпионы (2013), Азия ойындарының жеңімпазы (2010, 2014);


Әділбек Ниязымбетов – Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері (2012, 2016), Әлем чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (2011, 2013), Азия ойындарының жеңімпазы (2014);


Василий Левит – Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері (2016), әлем чемпионатының қола жүлдегері, Азия чемпионы (2015, 2017);


Иван Дычко – Олимпиада ойындарының екі дүркін қола жүлдегері (2012, 2016), әлем чемпионатының жүлдегері (2013 және 2015 күміс, 2011 жылы қола), Азия ойындарының жеңімпазы (2014);


Қайрат Ералиев – әлем чемпионы (2017);


Жәнібек Әлімханұлы – әлем чемпионы (2013), Азия ойындарының жеңімпазы (2014), Азия чемпионы (2013);


Біржан Жақыпов – әлем чемпионы (2013), Азия ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері (2010, 2014).

Бұл тізімді жалғастыра беруге болады. Абылайхан Жүсіпов, Антон Пинчук, Әбілхан Аманқұл, Қамшыбек Қоңқабаевтардың бәрін қосса да жарасады.


Айтжановтың тұсындағы құраманың жетістігі


Олимпиада ойындары – 2 алтын, 3 күміс, 2 қола;

Әлем чемпионаты – 5 алтын, 8 күміс, 7 қола;

Азия ойындары – 8 алтын, 6 күміс, 4 қола;

Азия чемпионаты – 15 алтын, 7 күміс, 6 қола.


Әлемнің екі мәрте үздік бапкері атанған


Мырзағали Айтжанов қазақ бапкерлері арасында әлемнің екі дүркін үздік бапкері атанған жалғыз маман. Ең алдымен 2013 жылы Алматыдағы әлем чемпионатындағы табысы үшін, 2014 жылы Инчхондағы жазғы Азия ойындарындағы табысы үшін АИБА тарапынан осындай зор құрметке бөленді.


Мырзағали Айтжанов бас бапкерліктен кеткенімен, ұлттық құраманың аға бапкерлері қатарында жүрді. Сосын жеке шәкірттерін тәрбиеледі. Арасында Сәкен Бибосыновты ерекше айтуға болады. Ол 2021 жылы Токио Олимпиадасында қола, Белградтағы әлем чемпионатында алтын медаль алды.


Сөйтіп, Мырзағали Құланұлы үш бірдей әлем чемпионын дайындаған алғашқы бапкер атанды. Бұған дейін жеке шәкірттерінен Біржан Жақыпов пен Қайрат Ералиев осы белесті бағындырған.