52 жылдан кейін жүлде еншілеу бұйыра ма?

52 жылдан кейін жүлде еншілеу бұйыра ма?
Футбол

Катарда өтетін әлем чемпионаты қатардағы футбол ойыны емес. Төрт жылдықтың басты додасы саналатын футбол тойындағы фавориттердің бірі - Португалия құрамасы жайлы аз-кем әңгіме өрбітсек. 

Әлем чемпионатына португалдықтар 1966 жылы тұңғыш рет қатысып, сол жылы қола жүлдені еншілеген. Үшінші орын үшін өткен бәсекеде КСРО-ны 3:1 есебімен тізе бүктіреді. Содан бері бұл құраманың қоржыны бос қайтып, қанжығасы майланбай келеді.

Португалия құрамасы 2016 жылғы Еуропа чемпиондары атанғаннан кейін тұңғыш рет ұйымдастырылған Ұлттар лигасының да кубогын басынан асыра көтерген болатын. Финалда Вирджил Ван Дейк бастаған Нидерланды құрамасын жеңді. Ресейдегі өткен әлем біріншілігінің 1/8 финалында Уругвайдан 2:1 есебімен ұтылып, еңселері түсіп елдеріне оралған. 2020 жылы өткізілген Еуропа құрлығының чемпионатында сүреңсіз ойын өрнегін көрсеткені де жанкүйерлердің есінен ұмытыла қойған жоқ. Жалпы, әлем чемпионатының финалына шығудың өзі Португалия үшін түске айналып бара жатыр. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін Катарда барын салары сөзсіз бұл құраманың.

Португалия Катарға келер жолдағы іріктеуде қиындыққа тап болды деп айта алмаймыз. Суырылып алға шығып, қарсыластарынан қара үзіп кеткен болатын. Дегенмен, іріктеу ойындары мен әлем чемпионатының додасының арасы жер мен көктей.

Бұл әлем чемпионатындағы Португалияның тобында Уругвай, Гана, Оңтүстік Корея құрамалары бар. Луис Суарес пен Сон Хын Миннің құрамаларымен өтетін ойын бас бапкер Фернанду Сантуштың топтық кезеңдегі басты бас қатыратын мәселесі болуы керек. Дегенмен, Африканың айбарлы ұжымы саналып жүрген Гананы айналып өтеді дегенге футбол сарапшылары мен жанкүйерлері имандай сенеді.

Португалияның негізі қақпашысы Руй Патрисиу атақты бапкер Жозе Мауриньюның қол астында қарымды қақпашыға айналып үлгерді. «Ромадағы» ойыны таңдай қағарлық деп айтуымызға толықтай негіз бар.

Бұл құраманың қорғанысында алаңдатарлық мәселе жоқ. Себебі, шау тартса да соңғы әлем чемпионатын өткізгелі отырған Портудың бетке ұстары Пепенің де бір бүккені ішінде екені айдан анық. Ағылшын премьер лигасының былтырғы маусымдағы үздік ойыншысы атанған «Манчестер Ситидің» серкесі Рубен Диаштың қорғаныстағы өнері біраз шабуылшының бағын байлайтындай. Сол қапталда ойқастастап жүрген дортмундық «Боруссияның» саңлағы Рафаэль Геррейрудың айып алаңының сыртынан асыратын адуынды пастары нәтижелі ұпай алуға септігін тигізері сөзсіз. Және де бұл қапталда соңғы жылдары озық ойынымен талайды тамсандырып жүрген Пеп Гвардиоланың сүйікті шәкірттерінің бірі Жоау Канселудың да бар екенін айта кеткеніміз жөн болар. Соңғы жылдары бұл қапталдың қаhарманына айнала білген Канселуға мадридтік «Реал» ықыласын білдіріп жүрген жайы бар.

Орталық алаңда тіреуші жартылай қорғаушы қызметін атқаратын Вилльям Карвальюдің ойыны нық, әрі сенімді. Жартылай қорғаныс пен шабуылды байланыстыратын «Манчестер Юнайтедтің» үкілеген үміті Бруну Фернандештің ұлттық құрамадағы ойыны ала-құла көрінгенімен, маңызды сәттерде голдық пастар мен жеңісті голдарды соғып жүргені сізбен бізге белгілі. Франция чемпионатының көшбасшысы ПСЖ-ның жұлдызды құрамынан орын іздеп жүрген Витиньо да Сантуштың үміт артар жауынгері. Сауатты шешімдер мен қосалқы құрамнан шыға салып, ойын атмосферасын өзге арнаға бұрып жіберетін «Вулверхемптонның» капитанына айналған Рувен Невештің биылғы маусымдағы ойыны топ-клубтардың назарына ілікті. Соның ішінде «Барселона» да бар.

Шабуыл шебінің қос қанатында арындайтын құраманың символы Криштиану Роналду мен «Миланның» жүйрігі Рафаэль Леао.

Журналист Пирс Морганға берген сұхбатында Роналду Португалия 2022 жылғы әлем чемпионатын жеңіп алса, мансабын аяқтайтынын жеткізген болатын. Роналдудың соңғы әлем чемпионатында елеулі нәтиже көрсетуін миллиондаған жанкүйер тілейді.

Еуропаның маңдай алды клубтарының таласқа түсіп жүрген шабуылшысының бірі Леоаның да көрермен көзайымы атанып қалуы ықтимал. «Атлетико Мадридтің» қосалқы құрамын тоздырған Жоау Феликстен үміт үзілмейді. Бастысы алаңға шығып, өзін дәлелдесе деген ниетіміз бар.

Соңғы пасты түйіндейтін тоғыздық міндетін атқарушы «Лейпцигтің» басты қаруы Андре Силваның жұлдызы жанарына көпшілік сеніп отыр.

Португалия, ең болмаса Роналду үшін әлем чемпионатын ұтып алыңдар!


Авторы: Мейір Оразғалиев