Нұрғазы Сасаев: "Барыс" ХК қазаққа қажет па?!

Нұрғазы Сасаев:
Хоккей
Осы «Барыс» хоккей клубы Қазақ еліне, Қазақстан құрамасына қандай пайда келтірді? Аталған клуб құрылғалы хоккейіміз қарыштап дамып, халықаралық аренадағы жетістіктеріміз алға басты ма?
«Барыс» хоккей клубы құрылмай тұрып, яғни 1998 жылы Қазақстан ұлттық құрамасы Нагано Олимпиадасына қатысып, 8-орынға ие болды. Сол жолы Словакияны 4:3 есебімен тізе бүктіріп, көпшілікті тәнті етті. Әрі ширек финалда аты аңызға айналған Уэйн Гретцки бастаған Канада жұлдыздарынан 1:4 есебімен ғана ұтылды.
Қазақстан ұлттық құрамасы «Барыс» ҚХЛ-да ойнамай тұрып, тағы бір Олимпиадаға барды. 2006 жылы Туринде өткен дүбірлі додада 9-орынға ие болды. Өз тобында бес ойын өткізіп, төрт рет ұтылып, соңғы матчта Латвия құрамасын 5:2 есебімен тізе бүктірді. Әрі әншейінде қауқар көрсете алмай, күйрей ұтылып жүретін Ресей құрамасына төтеп беріп, 0:1 есебімен ғана есе жіберіп алды.
Ал «Барыс» хоккей клубы ҚХЛ-да өнер көрсете бастағалы Олимпиада ойындары дегенінің не екенін ұмыта бастадық...
Дүниежүзілік Универсиада додасындағы жетістіктерімізге көз жүгіртсек, «Барысқа» дейін, яғни 1995 жылы Хакада (Испания) чемпион атанғанбыз. Ал «Барыс» қазақ хоккейін «алға сүйреп» келе жетқалы тек күміс жүлдені қанағат тұтып жүрміз. Тіпті 2017 жылы Алматыда өткен Универсиадада екінші орыннан аса алмадық.
«Барыс» ХК құрылғалы ұлтты құрама сапындағы қазақтар саны да артып кете қойған жоқ. Наганода команда капитаны Ерлан Сағымбаев болған. «Барыс» Ұлттық құраманың негізін құрайтын клуб болғалы біраз уақыт Талғат Жайлауов жалғыз жүрді. Одан кейін Әлихан Әсетов шықты. Биыл Данияр Самат бастаған тағы екі-үш жігіт қосылды. Есесіне, натуралданған казахстандықтар қаптады:
Кевин Даллмэн, Брэндон Боченски, Найджел Доус, Дастин Бойд, Даррен Диц, Джесси Блэкер, Кёртис Волк, Виктор Сведберг, Хенрик Карлссон, Павел Акользин, Дмитрий Шевченко, Дмитрий Гурков, Егор Петухов, Алексей Маклюков, Егор Шалапов, Никита Клещенко, Илья Румянцев...
Дереккөз: Нұрғазы Сасаевтың Facebook парақшасы