Жолдама үшін жанталас: Испанияда көркем гимнастикадан әлем чемпионаты басталады
23-27 тамыз аралығында көркем гимнастикадан лицензиялық әлем чемпионаты өтеді. Бұл жолы гимнастика шеберлерін Испанияның Валенсия қаласы қабылдамақ. Париж қарсаңындағы дүбірлі додаға Әлия Юсупова бастаған Қазақстан құрамасы да аттанды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Жолдаманы кімдер алады?
Валенсиядағы әлем біріншілігі көркем гимнастикадан Олимпиада жолдамасының басым бөлігін таратады. Нақтылап айтар болсақ, Париж ойындарының жекелей сындағы 14, топтық сындағы 5 жолдамасы осы біріншілікте өз иесін таппақ. Жекелей сындағы бір квота арқылы Ұлттық Олимпиадалық комитеттер екі спортшыны жарысқа қоса алады. 2024 жылғы жазғы Олимпиаданың бірқатар лицензиясы былтыр Софияда өткен әлем чемпионатында таратылған болатын.
Өткен жылы жекелей және топтық сында алғашқы үш орынды иеленген спортшылар мен командалар Олимпиадаға дайындықты бастап кетті. Олар – жекелей сында жеңіске жеткен италиялық София Раффаэлли, германиялық Дарья Варфоломеев және болгариялық Стиляна Николова. Топтық сында Болгария, Израиль және Испания құрамалары квотаны өзара бөлісті. Енді қалған жолдамаларды гимнастар Валенсия төрінде сарапқа салмақ.
Қазақстан намысын кімдер қорғайды?
Испаниядағы әлем чемпионатында Қазақстан атынан жеті спортшы сынға түседі. Оның екеуі жекелей сында, бесеуі топтық сында өнер көрсетпек. Жекелей сында ұлттық құрама үздігі Эльжана Таниева мен жас спортшы Эрика Жайлауовоға сенім артамыз. Эльжананың биылғы маусымдағы әлем кубогі кезеңдерінде көп жүлде алған жоқ. Десе де, Универсиада мен Азия чемпионатын айтарлықтай табысты аяқтады. Қытайда өткен жазғы Универсиада ойындарында ел қоржынына екі күміс, бір қола медаль салса, көпсайыста алғашқы бестікке енген. Филипиннің Манила қаласында өткен Азия біріншілігінде Таниева өзінің әккі қарсыластары – Өзбекстан спортшыларына ғана есе жіберді.
Азия біріншілігінің көпсайыс нәтижесі бойынша тәжірибелі Тахмина Икромованы алға жіберіп, күміс медаль иеленді. Одан бөлек, жекелеген жаттығулар бойынша екі күміс, екі қола еншіледі.
Сондай-ақ, Таниева Софияда өткен әлем кубогі кезеңінде шығыршықпен жаттығудан күміске, Афиныдағы әлем кубогінде ұршық жаттығуы бойынша қолаға қол жеткізді. Ал Миланда өткен әлем кубогінде доп жаттығуы бойынша төртінші орынға табан тіреді. Қазіргі таңда Эльжана Таниева көркем гимнастикадан Қазақстан құрамасының сөзсіз үздігі саналады.
2022 жылғы әлем чемпионатын Эльжана сегізінші орынмен аяқтағанын ескерсек, биыл оның Олимпиада жолдамасына таласатыны анық. Эльжанаға жүлдеден бұрын Олимпиада лицензиясын алу маңызды екені анық.
Бүгінге дейін жекелей сында Эльжанаға Айбота Ертайқызы серік болатын. Бұл жолы бапкерлер жас әрі талантты споршы Эрика Жайлауоваға мүмкіндік берген. Жасөспірімдер арасында әбден шыңдалған Эрика үшін бұл ересектер арасындағы алғашқы әлем біріншілігі болмақ. Жақында Эрика ТМД елдерінің ойынына қатысып, командалық сында жүлдегерлер қатарынан көрінді.
Топтық жаттығудан үміт бар ма?
Отандық гимнастикаға ресейлік маман Инна Быстрова келгелі топтық сындағы нәтижелеріміз түзеле бастады. Былтырдан бастап Қазақстан құрамасы әлем кубогі кезеңдерінде жүлдеге ілігіп жүр. Биыл да гимнастарымыз Ташкентте өткен әлем кубогінде бір күміс, бір қола медальмен қуантып үлгерді.
Десе де, Қазақстан топтық жаттығу бойынша әлем мықтыларымен бәсекеге әлі дайын емес. Командамыз жас, оның үстіне, топтық жаттығудан әлемдік жарыстарға қатыса бастағанымызға да көп болған жоқ. Сондықтан біз топтық сындағы спортшыларды жолдамасыз келсе де сөкпейміз. Былтырғы әлем чемпионатын біздің команда 13-орынмен аяқтады. Ал биылғы додада жолдама алғашқы бестікке енген командаларға беріледі.
Топтық сында Қазақстан намысын қорғайтын спортшылар: Аружан Қасенова, Айдана Шаяхметова, Баян Койбагар, Аружан Қалсаева, Ақсұңқар Әбдірахман, Аяулым Қадыр.