"Бір жылдан аса күреспеген қиын екен": Шермаханбет бастаған балуандар Германия Гран-приін аяқтады
Германияның Дортмунд қаласында грек-рим күресінен Гран-при турнирі мәреге жетіп, отандық «классиктер» алты медальмен оралды. Оның бірі – алтын. Бұл дода ұзақ үзілістен оралған Мейіржан Шермаханбет пен Айдос Сұлтанғалидің күресуімен ерекшеленді. Одан бөлек, команда тізгіні Юрий Мельниченкоға тапсырылып отыр. Париж ойындарына бір жыл қалғанда тізгін алған бапкердің әуселесін көрерміз, ал Дортмунд кілемінде кім қалай күресті?
Германиядағы турнир осымен 38-рет өткізіліп отыр. Аталған сынға аттанған балуандарымыз 1 алтын, 1 күміс және төрт қола еншіледі. 60 келідегі Айдос Сұлтанғали Белградтағы әлем чемпионатынан соң үзіліс алды. Сол кездегі бас бапкер Серік Жұмашев Айдостың жарақаты барын айтқан. Балуанның өзі нақты ақпар бермесе де, жанкүйерлер үздік балуанымыздың денсаулығы сыр бергенін ұзынқұлақтан естіді. Тіпті, Айдостың әлем біріншілігіне дейін де ауырып қалғанын бапкерлер растаған. Сол себепті, Дортмундтағы Гран-при Айдостың ірі жарыстар алдындағы дайындық кезеңі болды десек, артық емес.
Айдос екі күн бойы қарсылас шыдатпай, финалда америкалық Ильдар Хафизовтан 6:5 есебімен басым түсті. Айдос Сұлтанғалидің Олимпиада қарсаңында қатарға қосылғаны қуантады. Себебі бұл – олимпиадалық салмақ. Одан бөлек, екі әлем чемпионатында қола жүлдегер атанып, Азия біріншілігінде топ жарған тәжірибелі балуан қазір тұралап жатқан классикалық күресімізге керек-ақ.
Тағы бір балуанымыз Марлан Мұқашев 55 келіде күмісті қанағат тұтты. Бұл салмақтағы бәсеке қатысушылар санының аздығынан айналмалы жүйе бойынша өтіп, алтын медальді жергілікті спортшы иеленді. Марлан да ұлттық құрамадағы орнын жанқиярлықпен қорғап жүрген балуан. Спартакиадада топ жарғанына қарамастан, былтырғы әлем чемпионатынан сырт қалды. Енді Марлан өз мықтылығын тек халықаралық жарыстар арқылы көрсетуі тиіс.
67 келіде ел намысын екі балуан – Мейіржан Шермаханбет пен Алмат Кебіспаев қорғады. Мансабын аяқтағанымен, кілемді қимай, күреске қайта оралған Кебіспаев неміс жерінде жүлдесіз қалды. Ал Мейіржан үшін бұл доданың орны бөлек еді. Себебі Шермаханбеттің кілемге шықпағанына бір жыл, екі ай болыпты. Былтырғы жаттығу кезінде абайсызда көзінен жарақат алып, Үндістанда бірнеше ауыр ота өткізген балуанды Париж олимпиадасына жолдама алу деген ізгі мақсат алға жетелеп келеді.
«Жалпы, жарыс жақсы өтті. Бірақ қиын екен. Бір жыл, екі ай бойы күреспегенім байқалды. Ұзақ үзілістен кейінгі жарыс маған өте қиынға соқты. Украина, Литва және Франция балуандарымен күрестім», - дейді Мейіржан.
Мейіржанның ауыр жарақат, ұзақ үзілістен кейінгі жүлдесін балуанның өзі де, жанкүйерлер де жылы қабылдап жатыр. Бірақ әлемдік деңгейде күресіп, бұрынғы бабына оралу үшін оған көп тер төгу керектігі түсінікті жайт.
Германия Гран-приінде жарақатынан айыққан Ибрагим Магомедов те үздік үштікке енді. Сондай-ақ олимпиадалық салмақтағы Демеу Жадыраев (77 келі) пен Әлімхан Сыздықовтың (130 келі) еншісінде қола жүлде бар.
Осы орайда, грек-рим күресінен ұлттық құрама басшылығы ауысқанын тағы да бір рет айта кеткен жөн. Команданы бір жыл бойы жаттықтырған Серік Жұмашевтің орнына Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко келді. Соңғысы бұл қызметке араға 19 жыл салып оралса, Жұмашев жылдар бойы бапкерлер қосынында келеді. Бір жыл ішінде Серік Жұмашевтың жетекшілігімен грек-рим күресі балуандары әлем чемпионатында бір қола, Азия чемпионатында екі алтын, бес күміс және екі қола еншіледі.
Автор: Ақырыс Сейтқазы