Екі рекорд, он медаль: отандық жас мергендер Оңтүстік Кореядан олжалы оралды

Екі рекорд, он медаль: отандық жас мергендер Оңтүстік Кореядан олжалы оралды
Басқа

Нысана көздеуден Оңтүстік Кореяның Чханвон қаласында өткен әлем біріншілігін отандық жас мергендер сәтті аяқтады. Даңқты мерген Ольга Довгун жаттықтыратын Қазақстан құрамасы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатынан он медаль олжалаған. Бұл команда тарихындағы ең нәтижелі жарыстардың бірі. Бас бапкердің айтуынша, бұл дода Азия ойындары қарсаңында спортшыларға ауадай қажет болған, деп жазады Bassport.kz.

Чханвондағы әлемдік додадан отандық жас спортшылардың он медаль алуы тарихта алғаш рет кездесіп отыр. Себебі бұған дейін жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына Қазақстаннан әрі кетсе екі спортшы баратын.

Осы жолы басшылық 12 мергеннің өнер көрсетуіне мүмкіндік жасап, команданың жол шығынын көтерген. Бұл үмітті жас атлеттер де ақтады. Қазақстандықтар әлем біріншілігінен он медаль жеңіп алды.

Никита Чирюкин кіші калибрлі тапаншамен 25 метрге оқ атудан әлем чемпионы атанды. Сондай-ақ жылжымалы нысана көздеуде (10 м) Қазақстан әйелдер құрамасы Украинадан басым түсіп, чемпион атанды.

Ел намысын қорғаған әпкелі-сіңлілі Зухра және Фатима Ирназарова мен Александра Садуакасова осы жаттығудағы ересектер арасындағы әлем рекордын тіркегені де (1686 ұпай) жанкүйерлерді қуантып отыр. Ал осы бағдарламаның жекелей сынында Фатима Ирназарова алтыннан алқа тақса, Зухра Ирназарова қола жүлде иеленді. Фатиманың бұл бағдарлама бойынша жасөспірімдер арасындағы әлем рекордын орнатқанына да баса назар аудару керек.

Одан бөлек, Арина Алтухова, Никита Чирюкин, Фатима Ирназаровалардың еншісінде күміс медаль бар.


Бас бапкер, Афины Олимпиадасының төртінші орын иегері Ольга Довгун спортшылардың бұл жетістігі Азия ойындары қарсаңындағы керемет көрсеткіш екенін айтады.

«Қытайдағы жазғы Азия ойындары қарсаңында бұл жарыс өте маңызды роль ойнады. Спортшылар үшін мұндай бәсеке өте қажет еді. Әсіресе, жылжымалы нысана көздеуден халықаралық сындар көп өткізіле бермейді. Сондықтан бұл бағдарлама бойынша тәжірибе жинау да оңай емес. Біздің спортшыларымыз төртжылдық додасы қарсаңында үлкен жарыстың атмосферасын сезінді. Бұл қуантады», - дейді ол.

Нысана көздеуден Қазақстан жасөспірімдер құрамасы әлемдік сынға толық құраммен алғаш рет қатысып отыр. Бас бапкер мұны да ерекше атап өтті.

«Үмітті ақтағанымызға қуаныштымын. Бұған дейін бір-екі адаммен келетін едік. Осы жолы толық құрам өнер көрсетті. Нәтиже де жаман емес», - дейді Довгун.

Жасөспірімдер арасындағы биылғы бəсекеге 45 мемлекеттен 600-ге жуық атлет қатысты. Қазақстандықтар тек 3 санатта: винтовка (əйелдер), тапанша (ерлер), жылжымалы нысана (ерлер, əйелдер) бойынша бақ сынады.

Әлем чемпионатындағы жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы үздік бестікке еніп отыр.


Автор: Ақырыс Сейтқазы