Тағы да легионерлер: Ресейде оныншы орында жүрген спортшы бізге керек пе?
Бүгін ресейлік екі спортшының Қазақстанға ауысатыны ресми түрде анықталды. Бұл туралы көрші елдің ірі ақпарат агенттіктері жарыса хабарлауда. Нақтылап айтар болсақ, конькишілер Никита Клевченя мен Кристина Силаеваның біздің елге ауысуын сұрап, Қазақстан конькимен жүгірушілер одағы ресми хат жолдаған. Бұған дейін тағы бір ресейлік конькиші Елизавета Голубеваның ауысуына байланысты өтінім жіберілді. Осы орайда, Bassport.kz Ресейден Қазақстанға ағылған легионер спортшылар көшіне тоқталған болатын.
Соғыс тығырыққа тірегендер...
Ресейдің Украина аймағында арнайы әскери операция бастағанына бір жарым жылдың жүзі болды. Осы уақыттан бері әлемдік федерациялар мен халықаралық ұйымдар ресейлік спортшылардың аяғына тұсау салды. ФИФА мен УЕФА Ресейді ресми жарыстардан шеттетіп, әлем чемпионатына іріктеу кезеңінен автоматты түрде шығарып тастады. Ал Халықаралық Олимпиада комитеті Ресей спортшыларының Париж Олимпиадасына қатысу мәселесін әлі де майшаммен қарауда. Барлық елдің ұлттық олимпиадалық комитетіне жіберілетін Париж Олимпиадасының арнайы шақыртуын да ресейліктер әлі алған жоқ.
Спорттан әлемдік держава саналатын, Олимпиада ойындарында үздік үштіктен түспейтін ресейліктер бір жарым жылдан бері әлем чемпионаты мен Олимпиадаға іріктеу турнирлеріне қатыспады. Тек жақында ғана халықаралық дзюдо федерациясы арнайы таңдаудан өткен кейбір ресейлік спортшылардың нейтралды атлет ретінде әлемдік сынға қатысуына рұқсат берді.
Ал Ресей мен Беларусь спортшыларын санкцияларға қарамастан өз туы, өз әнұранымен әлем чемпионатына қатыстырған Халықаралық бокс қауымдастығы (ІВА) ХОК тарапынан үлкен соққы алғанын білесіздер. Әлемдік ұйым аталған бокс қауымдастығын мойындамайтынын жариялап, Ташкенттегі әлем чемпионатын лицензиялық турнир мәртебесінен айырды. Одан бөлек, бокстан жаңа ұйым құрылатыны туралы ақпарат желдей есуде.
Мұның бәрі ресейлік спортшыларды тығырыққа тіреді. Бүгінде олар жанталаса жол іздеп, тіпті, азаматтық ауыстыру үшін кезекке тұрған. Себеп – жалғыз. Спортшының мансабы мәңгілік емес, сондықтан, нағыз бабына еніп, атой салатын сәтте өз елінде қамалып отыру өмірлік қателік болуы мүмкін. «Холод» басылымының мәліметінше, соңғы бір жылдан бері 200-ден аса ресейлік спортшы азаматтық ауыстыруға өтінім берген. Олардың арасында Франция мен Израильге кетіп жатқандар көп. Десе де, көршілес Қазақстан да ресейлік спортшылар саялайтын бірден бір ел боп отыр. Бүгінде қысқы спорт түрлерінен бірнеше спортшы біздің еліміздің азаматтығына көз тіккен. Одан бөлек, футбол мен теннисте де Қазақстан азаматтығынан дәмелі атлеттер табылуда.
Конькимен жүгіру. Әлем чемпионының ұлы келе жатыр
Бүгін Ресей конькимен жүгірушілер одағының президенті Николай Гуляев спринтер Никита Клевченяның Қазақстанға ауысу туралы өтінім бергенін растады. Никитаның әкесі Сергей Клевченя 1994 жылы Лиллехаммерде өткен қысқы Олимпиаданың күміс және қола жүлдегері, 1996 жылғы әлем чемпионы. Қазіргі таңда Қазақстан құрамасына ауысқан ресейліктерді жаттықтырып жүрген Сергей бапкер ұлын да біздің елге алдыртса керек.
Никита да әкесі секілді қысқа қашықтыққа жүгіреді. Алайда оның ауыз толтырып айтатын жетістігі жоқ. Ол 2022 жылғы Ресей кубогінің бірінші кезеңінде 10-орын алған. Желіден табылған мәлімет осы ғана. Клевченя аталған сында 500 метрге жүгіруден қазіргі Ресей үздігі Виктор Муштактовтан ұтылыпты. Одан кейінгі Ресей кубогі кезеңдерінен Никитаның есім-сойын байқамадық. Никита Клевченяның деңгейіндегі спортшылар өзімізде де бар. Әлем кубогі кезеңдерінде Иван Аржаников, Евгений Кошкин мен отыздан асқан Роман Кречтің өзі тұрақты нәтиже көрсетіп жүр. Клевченя олардың орнын тартып ала ма, әлде командалас спортшы атана ма, белгісіз. Бір анығы – Никита біздің елге бас пайдасы үшін келе жатыр.
500 метрге жүгіруден Ресей чемпионы Кристина Силаева мен әлем чемпионатының алты дүркін қола жүлдегері, Еуропа чемпионы Елизавета Голубева да Қазақстан азаматтығын алып үлгерді. Аталған спортшылар біздің құраманың ардагері Екатерина Айдоваға қарсылас атанып, бірнеше жылдан бері Айдова жалғыз сүйреген қысқа қашықтықтағы жарыстарда бақ сынамақ. Өкінштісі сол, Ванкувер Олимпиадасынан бері елімізде Айдованы басып озатын адам табылған жоқ. Оның орнына жас спортшыларды дайындаудың орнына, Қазақстан әдеттегі әніне басып, Ресейдің дайын спортшыларына сенім артуда.
Никитаға қарағанда, Силаева мен Голубева әлемдік жарыстарда көзге түсіп, 2026 жылғы қысқы Олимпиадада ел намысын қорғауы мүмкін. Бірақ бұл саладағы жүйелі дайындық тағы да шетке ысырыла бермек. Өз спортшыларымыз тасада қалып, басшылардың Олимпиададан жүлде алу үшін жасалатын есеп-жоспарларына уақыт та, ақша да табылатыны өкінішті...
Ал Қазақстанның конькимен жүгірушілер одағы бұл шешімнің өте дұрыс екенін айтып, аталған спортшылар құраманы күшейту үшін қажет екенін айтқан.
Атамекенін «аңсап» жеткен Зуев
Кезінде Қазақстанда туылып, кейін тарихи отанына кеткен Александр Зуев бір күн ішінде көк төлқұжаттың иегері атанды. Саналы өмірін Ресейде өткізіп, сол елдің жасөспірімдер құрамасына шақыртылған Зуев көрші елде алысқа шаба алмаған. Соңғы жылдары Ресейдің ортаңқол командаларында сынға түсіп, бас құрамадан үміті үзілген соң, Қазақстан есіне түссе керек. Одан қалса, Қазақстан құрамасының Ұлттар лигасы мен Еуропа чемпионатына іріктеу турнирінде сәтті өнер көрсетіп жатқаны да оны қызықтырғаны анық.
Көпшіліктің қызу талқысына түссе де, Зуев Қазақстан азаматтығын алып, ұлттық құрамаға да шақыртылды. Ол жақында жарақат алған Аслан Дарабаевтың позициясында ойнамақ. Бір қызығы, Александр Қазақстан азаматтығын алғаны туралы әлеуметтік желіде бірде-бір жазба қалдырған жоқ. Есесіне, осыдан он жыл бұрын Ресейдің жасөспірімдер құрамасы сапында Еуропа чемпионы атанған сәтін сағына еске алған.
«Кім не айтса да, біздің мансабымыз қалай өрбісе де, біз 2013 жылы тарихи нәтижеге қол жеткіздік. Өзіміз үшін де, барша ел үшін де... Бұл бізбен бірге мәңгілік қалады», - деп жазды Зуев.
Александрдың Қазақстан сапында жасыл алаңға қашан шығары белгісіз.
Өзгелерге құшақ ашып, өзімізді шетке ысырған елміз
Тау шаңғысынан 16 жастағы Ресей чемпионы Александра Скороходова да Қазақстан азаматтығын алып, біздің ел атынан ресми жарыстарға қатысып үлгерді. Ол Загребте өткен халықаралық турнирде күміс медаль иеленген. Александра Ресейдің Украинадағы арнайы операциясы басталған соң Қазақстанға алғаш боп ауысқан спортшылардың бірі. Ресейдің абсолютті чемпионы соғыс аяқталған соң да Ресейге оралмайтынын ашық айтып отыр.
Бір қызығы, ресейлік спортшыларды қаржыландыруға ақша табатын басшылық өз атлеттеріміздің басынан сипауға асығар емес. Мәселен, тау шаңғысынан Бейжің Олимпиадасында ел намысын қорғаған Александр Троицкая қысқы ойынға дайындалу үшін мемлекет тарапынан еш көмек болмағынын айтып, жанайқайын жеткізген еді. Тіпті, Троицкаяның маусым сайын киетін арнайы спорттық киімі мен шаңғыларын да ата-анасы өз ақшасына алып берген. Еуропадағы оқу-жаттығу жиындарына да спортшыны әке-шешесі өз күшімен жібереді.
Сөйте тұра, Олимпиадада сынға түскен Троицкая ұлттық құраманың жабылу алдында қалғанын айтқан болатын. Өз спортшыларымызға жағдай жасай алмаған басшылық Ресейдің абсолютті чемпионын көшіріп әкелуге, оны әлемдік жарыстарға қатыстырып, оқу-жаттығу жиынын ұйымдастыруға кетәрі емес.
Ресей спортының алдағы тағдыры жақын арада шешілмесі анық. Бұл – онсыз да өзгенің қаңсығына таңсыз болған отандық шенділердің біраз адамға төлқұжат әперуіне жол ашуы мүмкін.