Катардағы жеңіліс - қатардағы жеңіліс немесе Сметовке қашанғы сенеміз
16 маусым күні Қазақстан астанасы дзюдодан әлемдік Grand Slam турнирін қабылдайды. Ресми мәлімет бойынша, аталған сынға әлемнің 45 мемлекетінен 400-ден аса спортшы қатыспақшы. Бұл бәсеке отандық дзюдошылар үшін де үлкен мүмкіндік болмақ. Себебі «Үлкен дулыға» турнирін қабылдаған мемлекет әр салмақта төрт дзюдошыны жарысқа қоса алады. Қазіргі таңда Астана татамиінде айқасатын отандық балуандар тізімі анықалды. Bassport.kz Қазақстанда алғаш рет өтетін ірі бәсеке қарсаңында шолу жасады.
Астанада алғаш рет...
Бүгінде біздің еліміз дзюдодан ірі турнирлердің барлығын дерлік өткізіп үлгерді. 2013 жылы ең алғаш рет Алматыда дзюдодан Гран-при турнирі ұйымдастырылған болатын. Содан соң 2015 жылы ересектер арасындағы әлем чемпионатын, 2019 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігін қабылдадық. Сондай-ақ 2017 жылдан бері жасөспірімдер, жастар мен ересектер арасындағы Азия кубогі де тұрақты түрде өтіп келеді. Бүгінге дейін дзюдо күнтізбесіндегі бір ғана жарыс – Grand Slam турнирі қазақ жерінде ұйымдастырылмапты. Сол олқылықтың орны толып, санаулы күннен соң әлем мықтылары Астана төрінде бас қоспақ. Әлемдік дзюдо географиясының өте ауқымды екенін ескерсек, Қазақстанда «Үлкен дулыға» турнирін өткізу айтарлықтай жетістік емес. Себебі көршілес Ташкент пен Моңғолия астанасы Ұлан-Батырда бұл бәсеке жүйелі түрде ұйымдастырылып келеді.
Бір балуанға байланған нәтиже
Дохадағы әлем чемпионатын сәтсіз аяқтаған соң, Нұрбол Сүлейменов бастаған Қазақстан ерлер құрамасына артылар жүк ауыр. Қазірдің өзінде дзюдошыларды сын садағына алып, бас бапкердің қызметінен кетуін талап етушілер көп. Әсіресе, әрбір жарыстан құр қайтпайтын Елдос Сметовтің биыл медальсіз қалғаны жанкүйер шымбайына батса керек. Бірақ Катар астанасында Қазақстан командасы өз әлеуетіне сай өнер көрсетіп, әділетті түрде жүлдесіз қалды. Осыны көпшілік түсіне бермейді. Неге? Жауап іздеп көрелік.
Қазақстан құрамасы 2015 жылдан бері әлем чемпионаттарында медаль алып жүрді. Бірақ бүгінге дейін команданың жетістігі бір ғана спортшыға тәуелді болғаны анық. Астанадағы әлем біріншілігінде Елдос Сметов чемпион атанды. Кейін Сметов Рио Олимпиадасында финалға шығып, әлемдік элитадан ойып тұрып орын алғанын білесіздер. Елдос 2017 жылғы әлем біріншілігінде сәтсіздікке ұшырап, 2018 жылы Азия ойындарындағы жарақатынан соң Бакудегі чемпионатқа бара алмай қалды. Десе де, екі ірі жарыстағы сәтсіздік оның жігерін мұқалтпай, 2019 жылы Жапониядағы әлем біріншілігінде үздік үштікке енді.
2021 жылғы Токио Олимпиадасында да команданың абыройын жалғыз өзі жапқан – Сметов. Оның жартылай финалда Такатомен 12 минут бойы айқасқанын ешкім ұмыта қойған жоқ. Олимпиададан соң 66 келіге ауысқанымен, күресі жүрмей, өзіне үйреншікті салмаққа қайта оралды. Оралып қана қоймай, Ташкенттегі әлем чемпионатына аттанып, тағы да қоламен келді. Иә, 2015 жылы Рустам Ибраев, 2018 жылы Ерлан Серікжанов, 2021 жылы Ғұсман Қырғызбаев әлем біріншілігінің күмісін еншілеген. Бірақ Елдос сияқты ұзақ жылдар бойы тұғыр биігінен түспеген дзюдошыларымыз жоқ екені тағы рас.
Сметов қашанға дейін күреседі?
Елдос та темір емес. Ол да ет пен сүйектен жаралған адам. Соңғы кездері Сметовті иығындағы жарақаты жиі мазалауда. Ташкенттегі әлем чемпионатынан соң Елдостың үстіне жапсырылған бинтті дәрігерлердің қалай шешіп алғанын көрдік. Содан бері ол жарақатына байланысты демалысқа кетті. Оның үстіне, жасы да отыздан асып барады. Жаңа маусымда ресми жарыстарға қатыспай, Дохадағы әлем чемпионатында жеңілгенін білесіздер. Елдос жеңілген соң, команданың бар абыройы шашылып қалғандай көрінді. Себебі құраманың көрсеткіші Елдосқа тікелей байланысты еді.
Ғұсман Қырғызбаев 66 келіге ауысқан соң, әлі де өз күресін таба алар емес. Әлем чемпионатында жүлде алған Ерлан Серікбаев Бакудегі жетістігінен соң көзге түскен жоқ. Ал жеңіл салмақтарда бой көрсете бастаған Мағжан Шамшадин, Бауыржан Нарбаев, Есет Қуанов, Данияр Шамшаевтарға кейде тәжірибе, кейде күш жетпей жатыр. Жоғары салмақтағы дзюдошыларымыздың жүлде алатын сәті де сирек. Дидар Хамза Азия ойындарынан кейін алысқа барған жоқ. Ислам Бозбаев отыздан асқан шағында нәтиже береді деу тағы қиын. 81 келідегі Абылайхан Жұбаназардың тырнақалды табысы команда үшін әлі де аз. 90 келідегі Нұрлан Шарханның табандылығы мен жанкештілігі сүйсінтеді, десе де, бойы ұзын, шеберлігі басым қарсыластарынан басып озу оңай емес.
Әрине, осы уақыт аралығында жастарға мүмкіндік берілмеді деуден аулақпыз. Бірақ үздіктер көшіне ілесетін жас балуандардың бір қайнауы кем екенін айтпауға тағы болмайды. Қазір бізге үміт сыйлаған тағы бір жас бар. Ол – Нұрқанат Серікбаев. Ең жеңіл салмақта бақ сынайтын ол бірден Гранд-слам турнирінің финалына шығып, әлем чемпионатын жетінші орынмен аяқтады. Елдос 1992 жылы, Нұрқанат 2002 жылы өмірге келіпті. Екеуінің арасы он жыл. Осы он жыл ішінде бір-біріне ілесіп отыратын буынның болмағаны өкінішті. Елдос та қартаяды. Ол қашанға дейін күреседі?
Ең қиыны бүгінге дейін бапкерлер Сметовтің жеңісіне малданып келді. Ал қалған салмақтағы жаппай жеңілісті дзюдоның әлемде қарқынды дамығанына жаба салды... Енді Нұрбол Сүлейменов шәкірттері Астанадағы турнирде намысқа тырысатыны түсінікті. Әр салмақта төрт балуаннан бақ сынайды. Танымал спортшылар арасынан Елдос Сметов пен Дидар Хамза тізімде жоқ. Командаға өзгеріс әкелгісі келетін бас бапкердің келесі қадамы қандай екенін бірге бақылаймыз.
Qazaqstan Barysy кімге керек?
Айтпақшы, Grand Slam турнирін алғаш өткізетініміз белгілі. Бірақ сол халықаралық жарыстың атауына Qazaqstan Barysy деп қосу кімге керек болғанын түсіне алмадық. Халықаралық дзюдо федерациясының жарыстар кестесіне қарасаңыз, барлық Grand Slam турнирлерінің алдына доданы қабылдайтын қала атауы ғана қосылады. Мәселен, Abu-Dhabi Grand Slam, Baku Grand Slam, Tokyo Grand Slam деп кете береді. Ал Астанадағы жарысқа бұл атаудың қосылуын федерацияның бас хатшысы Асхат Житкеев былай түсіндірді.
«Бұл – бренд. "Қазақстан Барысы" арқылы өз брендімізді танытамыз. Мұндай атаулар Grand Slam жарыстарында кездеседі. Моңғолиядағы турнир "Шыңғыс Хан" деп аталады», - дейді бас хатшы.
Бұл атауды дзюдодан әлемдік жарысқа теліп қойғаны оғаштау сияқты.
Біріншіден, «Қазақстан Барысы» десе, ойымызға бірден қазақ күресі оралады. Себебі 2011 жылдан бері ұлттық спортымызда дамыту мақсатында осы жарыс өткізіліп келеді. Демек, бұл бренд дзюдомен емес, қазақ күресімен тікелей байланысты. Осы жерде бүкіл әлемде бар тәжірибемен жүрмей, жаңа эксперимент жасауға бейімдігімізді байқатып қойдық.
Екіншіден, Qazaqstan Barysy атауы кәдімгідей ұзақ. Оның қасына Grand Slam тіркесі қосылатынын ескерсек, оқығанда кәдімгідей қиындық тудырады. Сондықтан дзюдо федерациясы келесі жылы өтетін жарыстарда бұл олқылықты реттейді деген ойдамыз.
Автор: Ақырыс Сейтқазы