"Сегіз жыл бойы екінші орын алдым" : Қытай намысын қорғайтын Байқоныс Данабек туралы не білеміз

Бокс

Ташкенттегі әлем чемпионатына қатысқан этникалық қазақ боксшыларының бірі – Байқоныс Данабек. Қытайдың Тарбағатай аймағында туған қазақ баласы биыл алғаш рет өз елінің чемпионы атанып, әлем біріншілігінде екінші рет бақ сынады. Жүлдеге жетпесе де, бұл сында Байқоныс алысқа шауып, азулы қарсыластарын ұтты. Bassport.kz тілшісіне сұхбат берген қытай қазағы көпшіліктен өзінің есімін дұрыс атауды сұрап, Ташкент төрінде кіл мықтылардың бәріне де жанкүйер болғанын жеткізді.

- Байқоныс, бұған дейін сіздің есіміңізді қазақ жанкүйерлері Данабек Байғазы деп оқып келді...

- Иә, қазақ оқырмандары мені Данабек Байғазы деп таныған екен. Осы жерде сәл қателік кетіпті. Менің есімім – Байқоныс. Тегім – Данабек. Жанкүйерлер менің атымды Данабек деп жүр (күлді). Осы сұхбаттан соң есімім Байқоныс екенін көпшілік түсінеді деп ойлаймын. Бұл негізі жанкүйерлердің кінәсі емес, бұқаралық ақпарат құралдарында осылай түсініпеушілік болған шығар.

- Ташкенттегі дода сіз үшін қалай өтті?

- Бұл бәсеке үлкен тәжірибе жинауыма себеп болды. 2019 жылы әлем чемпионатына алғаш рет қатыстым. Сол кезде бірінші кездесуде ұтылсам, Ташкентте үшінші айналымға дейін жеттім. Осы біріншілік барысында әлем чемпионатының күміс жүлдегері Давит Чалоянды ұтқан жайым бар. Ал үшінші кезеңде кубалыққа жол бердім.

- Кубалық Фернандо Арсоламен кездесуде өзіңізге не жетпей қалды деп ойлайсыз?

- Шыны керек, техникалық тұрғыдан жол бердім. Ең басты қателік - сол ғана. Алдағы уақытта нәтижемді жақсарту үшін күш салып, бапкерлеріммен ақылдасамын.

- Жалпы өзіңіз қай аймақта туылдыңыз? Боксқа қашан аяқ бастыңыз?

- Қытайдың Тарбағатай аймағында дүниеге келдім. Бокс қолғабын алғаш рет 13 жасымда кидім. 

- Спортты кеш бастадым деп ойламайсыз ба?

- Иә, кәсіби түрде боксты жай бастап қалдым. Шыңжаң командасына да бертінде, 2015 жылы қосылғанмын.

- Қалың қытай арасынан әлем чемпионатына қатысу да оңай болмаған шығар. Ол жақтағы бәсекелестік қалай?

- Шынымды айтайын, Қытай чемпионатында биыл бірінші рет топ жардым. Бұған дейін сегіз рет екінші орын алыппын. Соңғы чемпионатта жеңіске жету үшін бес боксшыны қапы қалдырдым. Рас, бәсекелестік өте жоғары. Бокспен айналыстаын адамдардың қатары да қалың.

- Енді Олимпиадаға іріктеу турнирлерінен сізді көре аламыз ба?

- Бұл жағы әлі нақты емес. Қытайға барып, қайтадан іріктеуден өтеміз. Менің салмағым Олимпиада бағдарламасында бар, бірақ Қытай атынан қатысатын мықтылар тағы да іріктелетінін айта кету керек. Сол үшін дайындығымды күшейтемін.

- Осы чемпионат барысында кімдерге жанкүйер болдыңыз?

- Жақсы бокс көрсеткендердің бәріне де тілекші болдым. Қазақ, өзбек, кубалық боксшылардың бәрі де керемет!