Дастан Сәтпаев жолдастық кездесуде «Челси» жейдесіндегі тұңғыш ойынын өткізді

Дастан Сәтпаев жолдастық кездесуде «Челси» жейдесіндегі тұңғыш ойынын өткізді
Футбол

«Челси» футбол клубы

Қазақстандық шабуылшы Дастан Сатпаев Лондонның «Челси» клубы сапындағы алғашқы ойынын өткізді, деп хабарлайды Bassport.kz Sport+ порталына сілтеме жасап.

«Челси» Англияның Лига 2 додасында өнер көрсететін «Кроулиге» қарсы жабық форматтағы жолдастық матч өткізіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Кездесу клубтың Кобхэмдегі базасында ұйымдастырылып, тікелей эфирде көрсетілген жоқ.

Daily Mail басылымының журналисі Киран Гиллдің мәліметінше, жеңімпаз команданың голдарын Лиам Делап, Эммануэль Эмега және Джейми Гиттенс соқты. Дастан Сатпаев матчты қосалқы құрамда бастап, үзілістен кейін алаңға шығып, «Челсидегі» дебютін жасады.

Келесі жолдастық кездесуді лондондық клуб 23 шілде күні Англияның Лига 1 чемпионатында өнер көрсететін «Бромлиге» қарсы өткізеді.

24 шілдеде «Челси» маусым алдындағы Аустралия мен Азияға арналған турнесіне аттанады.

Турне аясында команда бес жолдастық матч өткізеді:

28 шілде — «Вестерн Сидней» (Австралия), Accor Stadium (Сидней);

1 тамыз — «Тоттенхэм», Accor Stadium (Сидней);

5 тамыз — «Ювентус», Kai Tak Stadium (Гонконг);

8 тамыз — «Милан», GBK Stadium (Джакарта);

9 тамыз — «Джохор Дарул Тазим» (Малайзия), «Сұлтан Искандар» стадионы (Искандар-Путери).

Дастан Сатпаевтың аталған жолдастық кездесулерде де ойын тәжірибесін алып, өз мүмкіндігін көрсетуге мүмкіндігі болады деп күтіліп отыр.