Қазақстан кубогының финалы қай қалада өтетіні белгілі болды
ҚФФ
Қазақстан футбол федерациясы «Ордабасы» мен «Қайсар» арасындағы Қазақстан кубогының финалдық матчы өтетін орынды ресми түрде бекітті. Шешуші кездесу 7 қараша күні Түркістан қаласындағы «Түркістан Арена» стадионында өтеді, деп хабарлайды Bassport.kz ҰОК-ге сілтеме жасап.
Матч сағат 16:00-де басталады.
Айта кетейік, «Ордабасы» биыл «алтын дубль» жасауға мүмкіндік алып отыр. Шымкенттік клуб Қазақстан Премьер-лигасының 2026 жылғы маусымында чемпиондық атақты мерзімінен бұрын жеңіп алды.
Бұған 29-турда «Қайрат» пен «Ақтөбе» арасындағы кездесудің 2:2 есебімен тең аяқталуы себеп болды. Чемпионаттың аяқталуына бір тур қалғанда Андрей Мартин шәкірттері 68 ұпай жинап, 64 ұпайы бар алматылық «Қайрат» үшін қол жетпес межеге көтерілді. Осылайша, «Ордабасы» өз тарихында екінші рет Қазақстан чемпионы атанды.
Бұған дейін шымкенттік команда 2023 жылы ел біріншілігінде топ жарған болатын.
Енді «Ордабасы» Қазақстан кубогының финалында «Қайсарды» жеңсе, бір маусымда ел чемпионаты мен кубогын қатар иеленіп, тарихи жетістікке қол жеткізеді.