Азиз Қожамбетов: Ангелина Лукас ешқашан жеңілгенін мойындамайды

Азиз Қожамбетов: Ангелина Лукас ешқашан жеңілгенін мойындамайды
Бокс

Петропавлда бокстан әйелдер арасында Қазақстан спартакиадасы өтіп жатыр. Бүгін 54 келіге дейін салмақтың ширек финалында кәсіпқой мен әуесқой боксты қатар алып жүрген Ангелина Лукас пен Балауса Мұздыман кездескен. Бұл жекпе-жекте Алматы облысынан қатысқан Мұздыман жеңіске жетті. Кездесуден соң, 26 жастағы Лукас наразылығын білдіріп, желіге жекпе-жектің үзінділерін салды. Осыған байланысты Қазақстан бокс федерациясының вице-президенті Азиз Қожамбетовтің пікірін сұраған едік.

- Азиз Есентайұлы, Петропавлда өтіп жатқан спартакиадада Ангелина Лукас Балауса Мұздыманнан жеңілгенін мойындамай, желіде дау туындап жатыр. Федерация атынан осыған қатысты пікір білдірсеңіз?

-Ол негізі қатыспау керек еді. Бірақ рұқсат берілді. Ангелинаны білеміз. Жеңілсе де, ешқашан жеңілдім деп мойындамайды. Сондықтан халықаралық дәрежедегі төрешілер бекітілді. Бас бапкер, бас төреші бәріміз бірге рингке жақын отырдық. Жіті қадағаладық. Бірінші раундтан Лукас алға жүгірді. Бірақ Балауса тактикалық тұрғыда сауатты қимылдап күтіп алды. Сөйтіп, «двойка» соққылармен төпелеп тастады. Бетінен біраз жойқын соққы алды. Әбден таяқ жеді. Бірінші раундта төрешілер 4:1 есебімен жеңісті Мұздыманға берді.  Сосын екінші раунд басталды. Шабуылға шығуға тырысты, бірақ тағы ештеңе өндіре алған жоқ. Төрешілер мүмкіндік жасап, 3:2 есебін тіркеді. Шешуші кезеңде тағы алға ентелегенімен, өзі қатарынан үш соққы алып қалды. Ауызнан капасынан түсті. Әйтеуір, өзіңің ыңғайлы тұсын жүктеп, желіге салып қойды. Біз толық түсірілім жасадық. Видеоны көрсеңіздер, түсінесіздер.

-Әңгімеңіздің басында Лукаста басында спартакиадаға қатысуға рұқсат болмады дедіңіз осыны түсіндіріп айтсаңыз?

-Ол Шымкенттен қатысу керек болған. Үшінші мегаполистен 54 келіде Жайна Шекербекова тіркелген. Сосын Ангелина Тараздың атынан бақ сынайтынын айтты. Регламент бойынша бір облыстан екінші облысқа ауысқанда бір жыл өту керек. Ол адвокат жалдап, қатыстырмай жатсыңдар деп біраз дау болды. Сосын жиын өтті. Біз қарсы болмадық, қатыссың деп айттық. Әйтеуір, ретін тауып, E Gov-тан құжатын көрсетті. Мандаттық комиссия рұқсат етті. Бірден Балауса Мұздыманға түсіп қалды. Қарсыласы да кәсіпқой бокста жүрген спортшы. Жоғарыда айтқанымдай, Балауса жеңді. Жекпе-жектен соң, Лукас жеңілгенін мойындамады. Бапкерімен келіп, протест беремін деп айтты. Протест тек 3:2 болғанда ғана бере алады. IBA ережесі бойынша солай. Әлем чемпионатында көрдіңіз. Ал Петропавлда Мұздыман 5:0 есебімен ұтты.

Кезінде Назым Қызайбаймен қырылып, жолын байлады. Енді салмағын ауыстырды. Бұл салмақта елде мықтылар көп. Жайна Шекербекова, Әнел Сақыш, Балауса Мұздыман, Элина Базарова бар. Ол былтыр Түркиядағы әлем чемпионатына босқындардың атынан қатысты. Сол кезде Бразилия бокс федерациясы шағым түсірді. Қазақстаннан неге бір салмақта екі боксшы барады, жағдайы жақсы, әлеуметтік желіде 1,2 миллион оқырманы бар, жарнамадан ақша табатын спортшы қалай босқын болады деген хат жолдаған.

Сол кезде IBA-ның бас хатшысы Иштван Ковачқа айтып едім. Ол Ангелина діни көзқарасым үшін мені құрамадан шеттетіп жатыр деп айтыпты. Сол үшін рұқсат бердік дейді. Бізде ондай жоқ. Құрамада әр түрлі ұлт өкілдері, діни сенімдері әр түрлі боксшылар бар. Ешқайсысына шектеу қойған жоқпыз.