"Такатомен кездескенде қобалжу болған жоқ": 20 жастағы Нұрқанат Серікбаев әлем чемпионатын қорытындылады
20 жастағы Нұрқанат Серікбаев өз мансабында алғаш рет ересектер арасындағы әлем біріншілігіне қатысып, жетінші орынға табан тіреді. Ол ширек финалда даңқты Такатодан ұтылса, жұбаныш белдесуінде грузиялық Георгий Сардалашвилиге есе жіберді. Десе де, Нұрқанаттың аяқ алысынан дзюдо жанкүйерлері үлкен үміт күтіп отыр. Bassport.kz тілшісіне шағын сұхбат берген балуан бұл чемпионаттан не түйгенін айтты.
"Ересектер арасындағы әлем чемпионатына алғаш рет қатысып, жетінші орынмен аяқтап отырмын. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қарсыластардың бәрі мықты дайындықпен келген. Бірақ біз олардан функционалдық және физикалық тұрғыдан қалысқан емеспіз. Бұл бәсеке маған үлкен тәжірибе сыйлады. Өйткені, Олимпиада, әлем чемпиондарымен белдестім. Енді осы қателіктерімді жөндеп, келесіде бұдан да мықты болып келемін", - деді Серікбаев.

Сондай-ақ жас балуан Олимпиада чемпионы Наохиса Такато, әлемдік рейтинг көшбасшысы Янг Вэймен кездесуі туралы айтты
"Такатомен кездесуде қате жіберіп алдым. Шынын айту керек, атағы алысқа кетсе де, онымен белдескенде еш қобалжыған жоқпын. Ал Янг Вэйді жеңгенім маған сенімділік сыйлады. Тек соңына қарай белдесулер арасындағы үзіліс қысқара берді. Елдос Сметов ағамның ұтылып қалған кезін де көре алмадым. Тек татамиден шыққан соң естідім", - дейді ол.

20 жастағы қазақ балуаны алдағы жоспарларын да бөлісті.
"Әлем чемпионатынан бір түйгенім - маған ұстау әдісін жетілдіру керек екен. Осы тұрғыдан қателіктер жібердім. Мұнымен тоқтап қалмайтыным анық. Алда үлкен мақсаттар бар. Енді өз елімізде өтетін Grand Slam бәсекесінде бақ сынаймын", - деді Нұрқанат.