“Барыстың” жас хоккейшісі маусымды қорытындылады
Хоккей
Астаналық “Барыстың” жас шабуылшысы Дінмұхамед Қайыржан ҚХЛ өткізген маусымын қорытындылады, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі.
“ҚХЛ-дағы алғашқы толық маусымымды өткізу мен үшін үлкен тәжірибе. Бапкерлер құрамының артқан сенімі өз қабілеттерімді шыңдай түсуге шабыт береді. Ешнәрсеге қарамастан, әрдайым қолдау көрсеткен жанкүйерлерге рақмет. Әрқашан қолдау көрсетіп, жанымда болған фан-аккаунттар мен отбасыма ерекше алғысымды білдіремін. Баршаңызға алғысым шексіз.
Осы маусымда жастар құрамасы сапындағы соңғы әлем чемпионатымды өткіздім. Әлем біріншілігінде екінші орын алып, ұлттық құраманың капитаны болу бағы бұйырды. Алда атқаратын талай жұмыс бар және ересектер арасындағы әлем чемпионаты күтіп тұр. Ұлттық құрама сапына ену үшін бар күшімді саламын”, - деп жазды жас шабуылшы Instagram-дағы парақшасында.
Айта кетейік, сонымен қатар Дінмұхамед Қайыржан биыл “Номадпен” бірге Қазақстан чемпионы атанды.