Серік Сәпиевті алып ұрған балуанның оқудан шығарылғаны рас па

Серік Сәпиевті алып ұрған балуанның оқудан шығарылғаны рас па
Жекпе-жек

Жақында Batyrball турнирінде Серік Сәпиевті күрес тәсілімен құлатқан жас балуан Зелимхан Мұсихановтың оқудан шығарылғаны туралы ақпарат тарады. Осыған орай, Қазақтың спорт және туризм академиясы пікір білдірді, деп жазады Bassport.kz. 

Қазақ спорт және туризм академиясының Facebook желісіндегі ресми парақшасы Зелимханның бұл оқу ордасында білім алмайтынын мәлімдеді.

"Әлеуметтік желілерде Серік Сәпиевпен текетіресіп қалған балуан Зелімхан Мұсиханов оқудан шығарылды деген ақпарат таралуда. Тіпті кейбір БАҚ өкілдері спортшыны Қазақ спорт және туризм академиясының студенті деген жалған ақпарат таратуда. Сол себепті біздің оқу ордамызға хабарласып, мәселенің мән-жайын білгісі келген журналистердің қоңырауы жиіледі. Алайда Зелімхан Мұсиханов Қазақ спорт және туризм академиясында оқымайды. Ол біздің студент емес. Сондықтан оқудан шығарылды ма деген сұраққа біз жауап бере алмаймыз. Расталмаған ақпарат таратпауларыңызды сұраймыз!", - делінген ресми хабарламада.


Ал Massaget.kz жазуынша, Зелимхан Қазақ дене шынықтыру, туризм және сервис колледжінде білім алып жатыр және оқудан шығарылмаған.


"Оқудан шығарылған жоқ. Ешқандай мәселе туындамады. Бізде оқиды. Ол - 3 курс студенті. Соңғы жылы. Мамандығы - дене тәрбиесі мұғалімі. Қазір іс-тәжірибесінде", - деді колледж өкілі.

Айта кетелік, Зелимхан Мұсиханов Batyrball турнирінде Олимпиада чемпионы Серік Сәпиевті күрес әдісімен жерге алып ұрып, кейін екеуінің арасында кикілжің басталды. Жас балуан мен бапкері аталған оқиғаға байланысты халықтан кешірім сұрап үлгерген.