Мажарстандағы турнирде қазақстандық балуандар 6 медаль жеңіп алды
ҰОК
Будапештте күрес түрлерінен рейтингілік турнир басталды. Жарыстың алғашқы күні еркін күрестен алты салмақ дәрежесінде жүлделер сарапқа салынды. Нәтижесінде Қазақстан құрамасының балуандары алты медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Bassport.kz.
61 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Асыл Айтақын финалда Түркия өкілі Толга Озбекті жеңіп, алтын медаль иеленді. Осы салмақта Әділет Әлмұхамедов қола жүлдеге қол жеткізді.
74 келіге дейінгі салмақта Нұрқожа Қайпанов финалға дейін жетті. Алайда шешуші белдесуде Қытай балуаны Фэн Луға есе жіберіп, күміс жүлдені қанағат тұтты.
Қола медальді Нұрданат Айтанов, Мейрамбек Қартбай (57 келіге дейін) және Начын Куулар (65 келіге дейін) еншіледі.
Бүгін, 16 шілдеде, бозкілемге еркін күрестен 79, 92, 97 және 125 келіге дейінгі салмақ дәрежелеріндегі балуандар шығады. Сонымен қатар әйелдер күресінің өкілдері де жарысты бастайды.