Нұрқожа Қайпанов пен Асыл Айтақын еркін күрестен Мажарстандағы турнирдің финалына шықты
Жекпе-жек
olympic.kz
Бүгін, 15 шілдеде Будапешт қаласында күрес түрлерінен рейтингілік турнир басталды, деп хабарлайды Bassport.kz.
Жарыс жолына алғаш болып еркін күрес шеберлері шықты. Бірінші жарыс күнінде қазақстандық Асыл Айтақын (61 келіге дейін) мен Нұрқожа Қайпанов (74 келіге дейін) финалға жолдама алды.
Асыл Айтақын алтын медаль үшін Түркия өкілі Толга Озбекпен күреседі. Ал Нұрқожа Қайпанов ақтық сында Қытай балуаны Фэн Лумен өзара мықтыны анықтайды. 57 келіге дейінгі салмақта Нұрданат Айтанов қола жүлде үшін канадалық Тимоти Левайнмен белдеседі.
Айта кетейік, жұбаныш белдесулерінің қорытындысы бойынша қола жүлдеге таласатын қазақстандық спортшылардың саны артуы мүмкін. Финалдық кезең бүгін өтеді.