Түркиядағы трагедия: спортшылар да көмекке мұқтаж
Жексенбіден дүйсенбіге қараған түні Түркияда 7,8 баллдық қуатты жер сілкінісі болып, түрік елінің басына ауыр күн туды. Бұл зілзаладан әсіресе 1,5 млн тұрғыны бар Газиантеп қаласы зардап шекті. Бұл жағдай спортты да айналып өткен жоқ. BasSport.kz түрік жеріндегі трагедиядада зардап шеккен спортшылар туралы ақпарат жинап көрді.
Жер сілкінісінің әсері кейіннен Адана, Анкара, Анталья, Кайсери, Мерсина, Трабзон, Шанлурфа сынды қалаларында да сезілді. Кахраманмараш жерінде де 7,6 баллдық қуатты жер сілкінісі болған. Сирияда, Кипр мен Ливанда, сондай-ақ Грузияда да жер сілкінді.
Екінші қуатты жер сілкінісі тіркелген Кахраманмараш жерінде күрес клубының 30-40 спортшысы үйінділер астында қалған.
"Кахраманмараштағы күрес клубының 30-40 спортшысы ішінде болған ғимарат та қирады. Олардың бәрі үйінді астында қалып қойды. Жедел жәрдем күтеміз", - деп жазды еркін күрестен 2016 жылғы Олипиада чемпионы Таха Ақгүл.
Сондай-ақ, қираған үйінділердің астында түркиялық "Хатай" әйелдер волейбол клубының 14 спортшысы қалған. Олардың қазіргі жағдайы туралы әлі де нақты ақпарат жоқ.
Түркия футболы да біраз зардап шекті. Бұрын лондондық "Челси" намысын қорғаған, қазір түркиялық команда сапында өнер көрсетіп жүрген Кристиан Атсу қирандылардың астында қалып қойған. Командалас әріптестері онымен байланыс орната алмаған, сондай-ақ спортшы әлі құтқарылмаған. Атсу өнер көрсететін "Хатайспор" командасының спорттық директорынан да кешелі бері хабар жоқ көрінеді.
Осы "Хатайспордың" тағы төрт ойыншысы жер сілкінісінің зардабын көрген. Бурак Оксюз, Бертуг Йылдырым мен Керім Алыджи құтқарылған. Олардың арасында Керім Алыджи үйінділер астынан өзі шыққан. Сондай-ақ, клубтың бапкерлер құрамының екі мүшесі Экрем Экшиоглу мен Осман Атеш те құтқарылды.
Португалиялық басылымда Кристиан Атсу құтқарылды, аяғынан жарақат алған, сондықтан ауруханаға жеткізілді деген ақпарат жарияланған. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
"Ени Малатьяспор" қақпашысы Ахмет Эюп Түрікаслан жел сілкінісі салдарынан қираған ғимараттың ішінде болған. Оның әйелі құтқарылғанымен, футболшының өзі әлі табылған жоқ.
"Марасспор" футбол клубы Түркиядағы қираған қонақүйлердің бірінде болған. Команданың бір мүшесі құтқарылған, бірақ өзгелердің бәрі әлі де болса үйінділер астында. Құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Түркия билігі жер сілкінісі салдарынан қаза болып, жарақат алғандардың саны сағат сайын артып жатқанын хабарлап отыр. Қазіргі таңдағы ақпарат бойынша 2921 адам қаза тауып, 15834 адам зардап шеккен. Елде 12 ақпанға дейін жалпыұлттық аза тұту күнін жариялады. Түркиядағы барлық спорттық шаралар тоқтатылды.
Ал Түркияда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп жатқан қазақстандық командалардың жолдастық кездесулері бір минут үнсіздікпен басталатын болды.
Сондай-ақ қазақстандық құтқарушылар жасағы Түркияға аттанды, олар Газиантеп қаласына барады.