Аргентинаның чемпиондық шеруі немесе Мартинес пен жанкүйерлердің мазағы
Аргентинаның Катардағы әлем бірінщілігіндегі жеңісіне орай Буэнос-Айресте ұйымдастырылған чемпиондық шеруге төрт миллионға жуық адам қатысқан. Олар франциялық шабуылшы Мбаппені мазақ қылып, шеру қайғылы оқиғалармен аяқталды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. Аргентина ұлттық құрамасының қақпашысы Эмилиано Мартинес Килиан Мбаппені тағы бір мәрте мазақ қылу мүмкіндігін мүлт жібермей, бұл жолы жанкүйерлердің алдына франциялық шабуылшының суреті жапсырылған қуыршақпен шықты. Бұған дейін Мартинес фианлдық матчтан кейін киім ауыстыру бөлмесінде Мбаппеге бір минут үнсіздік жариялаған болатын. Ал Килиан Мбаппе болса, финалдық матчта Аргентина қақпасына үш гол соғып, хет-трик авторы атанған.
Аргентиналықтардың Мбаппені мазақ қылуы бұнымен тоқтаған жоқ. Жанкүйерлер чемпиондық шеруге Килиан Мбаппенің сурет бар табыт әкеліп, оны өртеген.
Осындай әрекеттер орын алған чемпиондық шерудің соңы қайғылы жағдайларға ұласты. Шатырда тұрып ұлттық құрамасының жеңісін тойлаған 24 жастағы ер азамат биіктен құлап, алған жарақаттарының салдарынан өмірмен қош айтысқан. Жеңісті тойлаймын деп қаза болған тағы бір азамат бар. Оның мойны Аргентина туына оралып, ақырында ол тұншығып өлген. Чемпиондық шеруде тағы 30 шақты жанкүйер әртүрлі жарақат алған, көбінің аяғы сынған. Олар көпірден секіріп, Лионель Месси мен ұлттық құраманың өзге ойыншылары отырған автобустың үстіне түсуге талпыныс жасаған.
Бұған дейін чемпиондық шеруге отбасымен шыққан 5 жастағы бүлдіршінге мәрмәр бөлік құлап, оның комаға түсіп, жан сақтау бөлімінде ауыр халде жатқанын жазған болатынбыз.