Бапкерлер кадрын даярлаудың деңгейі төмен - Әмин Тұяқов

Бапкерлер кадрын даярлаудың деңгейі төмен - Әмин Тұяқов
Басқа

Астанада Әмин Тұяқовтың жүлделеріне арналған І Халықаралық турнирі өтіп, жарысқа 4  елдің 200-ге жуық спортшысы қатысты. Жеңіл атлетиканың жампозы, Еуропа чемпионатының (1966) күміс жүлдегері Әмин Тұяқов bassport.kz тілшісіне сұхбат беріп, ел жеңіл атлетикасының дамуы үшін не жетіспейтінін айтты. 

- Жеңіл атлетикаға арналып салынған осындай манежде халықаралық жарыстардың көптеп өткені жақсы. Биыл менің атыма арналған жарыс бірінші рет ұйымдастырылып отыр, өте қуаныштымын. Сайыста әртүрлі елдердің спортшылары бақ сынап жатыр, бұл біздің спортшыларымызды үлкен жарыстарға дайындауға көмектеседі. Қазақстандық жеңіл атлеттер осындай бәсекелерге түсу арқылы шыңдалады, өзге ел спортшыларынан үлгі алады.

- Қазіргі қазақ жеңіл атлетика шеберлерінің аяқ алысын қалай бағалайсыз?

- Қазақстанда жеңіл атлетика бар. Бірақ, үлкен нәтижелерге жету үшін қысқы дайындық керек. Қысқы дайындықсыз үлкен нәтижеден үміт етуге болмайды. Шығыс Қазақстандағы Ольга Рыпакова атындағы манежде, Шымкенттегі жеңіл атлетика орталығында жаттығу арқылы елді әлемге танытатын спортшылар шығады деп ойлаймын. Тағы бір айтатын нәрсе, осындай үлкен халықаралық талаптарға сай манеж болғандықтан, жақсы спорт мектептерін ашу керек. Ал ол үшін бапкерлердің біліктілігін арттырумен жұмыс істеу қажет.

- Спортшылар үлкен нәтижелерге қол жеткізуі үшін тағы не керек?

- Біріншіден, жақсы бапкерлер көп болуы керек. Бізде бапкерлер кадрын даярлаудың деңгейі төмен. Оны жетілдіру үшін шетелге шығып, тәжірибелі мамандардан білім алу керек.