АҚШ Олимпиадалық комитеті күтпеген мәлімдеме жасады

АҚШ Олимпиадалық комитеті күтпеген мәлімдеме жасады
Басқа

АҚШ Ұлттық Олимпиадалық комитеті Ресей спортшыларының 2024 жылы Парижде өтетін жазғы Олимпиада ойындарына қатысуын қолдап отыр, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі "The Wall Street Journal" басылымына сілтеме жасап. 

АҚШ Олимпиада комитетінің басшысы Сюзанна Лайонс Ресей спортшыларының халықаралық додарға қайта оралуы аса маңызды екенін жеткізді. 

"Ресей құрамасының Олимпиада ойындарына қатысуын қолдауымыз әртүрлі пікір тудырады. Алайда олардың халықаралық бәсекелерге қайта оралуы Олимпиадалық қозғалыстың дамуына оң әсерін тигізеді. АҚШ Олимпиада ойындарына қатысу мақсатымен бар өмірін жаттығуға арнаған спортшылардың жарыстарға қайта қатысуы үшін мүмкіндіктерді іздестіруді қолдайды. Алайда біз олардың өз мемлекеттік туы астында өнер көрсетулеріне қарсымыз. 

Сюзанна Лайонс Ресей туы астында өнер көрсетуге қарсылықтан бөлек, әнұран мен Ресейді еске салатын кез келген белгіге қойылатын талаптар 2022 жылғы Олимпиада ойындарымен салыстырғанда қатал болатынын жеткізді. 

"Ақпанда жылдам шара қабылдау мақсатында спортшыларды бөлуімізге тура келді. Ол кезде біз де ресейлік спортшыларды толық шеттетуді қолдадық. Алайда қазір сол қорғаныс шараларының қажеті бар ма деген сұрақ туындайды. Екі ел арасындағы (Ресей және Украина) жағдай әлі тұрақталмағанымен, спортшылардың қауіпсіздігі мәселесі осыдан бірнеше ай бұрынғыдай өзекті болып тұрған жоқ", - деді өз сөзінде Сюзанна Лайонс.