"Қиын жағдайдан шығудың жалғыз жолы - жеңісті жолды бастау" - Анвар Гатиятуллин

Хоккей

«Трактор» - «Барыс» (1:4) матчынан кейін "Трактор" хоккей клубының бас бапкері Анвар Гатиятуллин командасының ойынына баға беріп, қорытынды жасады, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі. 

- Қақпамызға бірінші соғылған голға дейін ойымыздағыдай белсенді ойнадық. Өкінішке қарай, матч нәтижесіне зор әсер еткен голды жіберіп алдық. Қажет емес жерде алған айып уақыттары, нашар ойын тәртібі кедергі келтірді. «3х5» форматында ойнау кезінде қорғаныста жақсы өнер көрсеттік, жігіттер соққыларға тосқауыл болды. Шайбалар рикошет арқылы соғылды. Ойынды өз қолымызға алғымыз келген, бірақ ойымыз толық жүзеге асқан жоқ. Қазір команда қиын жағдайда. Одан шығудың бір ғана жолы бар, ол – жеңісті жолды бастау.

- «Спартакпен» болған ойында қарсыластың төртінші бестігінен гол жіберіп алдыңыздар. «Барыс» соққан алғашқы шайбаның да авторы – төртінші бестік ойыншысы.

- Өз аймағымыздан шығу кезіндегі қателікті қарсылас ұтымды қолдана білді. Екі рикошет болды, бұған пікір айту қиын.