Футболдан Қазақстан құрамасы өз алаңында Молдоваға есе жіберді

Футболдан Қазақстан құрамасы өз алаңында Молдоваға есе жіберді
Футбол

sports.kz

Қазақстан ұлттық құрамасы Астанада Молдовадан жеңіліп қалды, деп хабарлайды Bassport.kz. 

UEFA Ұлттар лигасының 3-ші туры аясында «Астана Аренада» өткен кездесу 1:2 есебімен қонақтардың пайдасына аяқталды.

Бірінші тайм аяқталар тұста Молдова құрамасының шабуылшысы Ники Клещенко есеп ашып кетті. Екінші тайм басталысымен қазақстандықтар таразы басын теңестіруге ұмтылған. Алайда 50-минутта бұрыштамадан асырылған допты Петру Попеску баспен бағыттап, қонақтардың басымдығын арттырды. Бұдан кейін Қазақстан құрамасы допқа көп иелелік етіп, жиі шабуылға шықты. Ұрымтал сәттердің бірінде, яғни 64-минутта Бауыржан Исламханның айып соққысынан асырған добын қорғаушы Нуралы Әліп баспен қақпаға тоғытып, есеп айырмасын қысқартты. Бірақ бұдан кейін таблодағы есепке өзгеріс енген жоқ. Осылайш Молдова сырт алаңда жеңіске жетті. 

Осы жеңілістен кейін Джон ван ’т Схип футболшыларының еншісінде 3 ойыннан кейін небәрі 1 ұпай ғана бар. Ал Молдова құрамасы бұл жеңісі арқылы 17 матчқа созылған сәтсіз сериясын тоқтатып, екі ойын қорытындысы бойынша 4 ұпайға ие болды.