Астанада отырып ойнайтын параволейбол чемпионатының жеңімпаздары анықталды
Елордада отырып ойнайтын волейболдан республикалық чемпионат аяқталды, деп хабарлайды bassport.kz тілшісі ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап.
Биыл чемпионатқа еліміздің 10 өңірінен командалар жиналды. Оның қатарында Атырау, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды, Қызылорда облыстары, Шымкент және Астана қалалары бар.
Соңында Қызылорда, Атырау және Маңғыстау облысының командалары іріктеліп, финалға шықты.
«Волейболды отырып ойнау спорт түрі ретінде 30 жыл бұрын пайда болды. Әсіресе соңғы 10 жылда айрықша дамып, әлемдік аренаға шықты. Әлемде волейболды отырып ойнаудан 78 команда бар. Олардың ішінде Иранның командасы мықты. Отырып ойнайтын волейболдың кәдімгі волейболдан айырмашылығы жоқ. Ережелері бірдей деуге болады. Тек бұл жерде мүгедектігі бар жандар үшін ыңғайланған. Нақты айтқанда, аяғы жоқ адамдар ойнайды. Команда құрамында 6 адам болады. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамыз», - дейді отырып ойнайтын волейбол ұлттық құрамасының бас бапкері Бауыржан Тақауов.
Ұлттық паралимпиада комитетінің бас хатшысы Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, отырып ойнайтын волейбол – паралимпиада спортындағы тұрақты ойын түрлерінің бірі.
«Біз үшін бұл шара өте маңызды. Жалпы, ұлттық, республикалық турнирлер үздіктердің үздіктерін іріктейтін орын. Биылғы турнир алғаш рет +sport телеарнасында онлайн трансляцияда өтуде. Jusan Bank демеушілігімен жүлде қорымыз бар және алғаш рет 1-3-інші орын алған спортшыларға ақшалай жүлде беріледі. Жартылай финалда Қызылорда, Ақтау және Атырау командалары ойнады. Бұл өздерін көрсете алатын ең мықты командалар және өткен жылдан бері командалардың өсіп келе жатқанын көреміз. Әсіресе екі-үш жыл бұрын волейболды отырып ойнай бастаған ойыншылар бүгінде Қазақстанның ең мықты командасына бәсекелес бола алды. Мұның бәрі паралимпиадалық спорт ретінде отырып ойнайтын волейболды ғана емес, жалпы паралимпиадалық қозғалысты насихаттау үшін жасалуда. Қазір параспортқа көп көңіл бөлінеді, бұл Қазақстанның туын жеңіс тұғырында жиі көтеруге ықпал етеді. Бұған дәлел – біздің Токиодағы Паралимпиададағы жеңісіміз», - деді Ерлан Сүлейменов.
Комитет өкілі бүгін финалда ойнайтын параволейбол құрамасы әлемдегі ең үздік 7 команданың қатарына енетінін атап өтті. Жақында олар әлем чемпионатынан оралып, 7-ші орынға ие болды. Олар Париждегі Олимпиада лицензиясы үшін күреседі.
Айта кетсек, бүгінде Jusan Bank көптеген әлеуметтік жобаларға демеушілік етеді және паралимпиадалық спорт түрлерін алғаш рет қолдап отыр. Бұл елдегі инклюзивті ортаны қалыптастыруға қосқан елеулі үлес болмақ.
«Біз параволейболдан Қазақстан чемпионатын қолдау қажет деп ұйғардық. Өйткені бұл спорттың кәдімгі волейбол сияқты танымал болмауы – әділетсіздік. Параспортшылар өз мүмкіндіктерінен асыра еңбектенеді. Сондықтан олардың өмірі бізді шабыттандырды. Ал банктің ұраны – «Саған сенеміз» – міне, біз осы жігіттерге сенеміз, олар әлемдік паралимпиада алаңында Қазақстанның намысын қорғайды. Расында да, бұл үлкен шабыт беретін оқиға, біз кейде өз күшімізге сенбейміз, бір істі жасамау үшін мыңдаған сылтау табамыз, дәл осы жігіттер еш шектеуге қарамастан алға ұмтылу керегін көрсетеді», - деді Jusan Bank PR директоры Гаухар Керімова.
Жарыс нәтижесінде Атырау командасы бірінші орын иеленіп, 1 млн теңге жүлде алса, екінші орын үшін – Қызылорда командасына 500 мың теңге, үшінші орын үшін – Маңғыстау командасына 250 мың теңге ақшалай сыйақы берілді.
Сонымен бірге, сайыста көзге түскен үздік ойыншылар марапатталды. Маңғыстаулық Ерболат Алтаев «Үздік тосқауылшы», атыраулық Бауыржан Сартаев – «Үздік байланыстырушы», Қуаныш Тәжіков – «Үздік либеро», Пердебай Намұратов – «Үздік шабуылшы» және қызылордалық Ерік Қасқабаев «Үздік қабылдаушы» номинацияларын жеңіп алды.