Дзюдодан ел біріншілігінің үшінші жарыс күні өз мәресіне жетті

Дзюдодан ел біріншілігінің үшінші жарыс күні өз мәресіне жетті
Дзюдо

Дзюдодан Қазақстан чемпионатының үшінші жарыс күні аяқталып, жеңімпаздар мен жүлдегерлер анықталды. 


Ел біріншлігінің үшінші жарыс күнінде әйелдер арасында 78 келіге дейінгі және 78-ден жоғары салмақта жүлделер жиынтығы сарапқа салынып, ал ерлерде 90 және 100 келіге дейінгі салмақ дәрежелеріндегі, 100 келіден жоғары салмақтағы спортшылар бақ сынады.

78 келіге дейінгі салмақта ел чемпионы атағы Аруна Жангельдинаға (Ақтөбе облысы) бұйырды. Шығыс қазақстандық Назерке Тілеуханова екінші орынға тұрақтаса, қызылордалық Әсел Бисенбай мен қарағандылық Лаура Жәнібекова қола жүлдегер атанды. 

Әйелдер арасында 78 келіден жоғары салмақта алматылық Ақерке Рамазанова Қазақстан чемпионы атанды. Ал жақында ғана Бакуде өткен дзюдодан Үлкен дулыға кезеңінде ел қоржынына жалғыз қола жүлдені салған Камила Берліқаш күміспен күптелді. Шымкенттік Альбина Бахиева мен Аида Тойшыбекова қоланы қанағат қылды.


Ерлер арасындағы 90 келі салмақ дәрежесінде түркістандық қос спортшы бірінші және екінші орындарды бөлісті. Дидар Хамза тұғыр биігінен көрінсе, Айдар Арапов күміспен күптелді. Мұхаммедәли Мавлидов (Жетісу облысы) пен Ерасыл Жаңатаев (Алматы облысы) үздік үштікті түйіндеді. 

100 келіге дейінгі спортшылар сынында жетісулық Бекарыс Сәдуақас жеңіске жетті. Жарыс иесі Бекзат Шағатаев екінші орын иеленсе, Нұрлыхан Шархан (Қызылорда облысы) мен Сұңғат Закарияев (Атырау облысы) үшінші сатыдан көрінді. 

Аса ауыр салмақта (+100 келі) Абай облысының намысын қорғаған Әділ Оразбаев жанкүйерін жеңісімен қуантып, чемпион атанды. Жамыбл Тұрғынәлиев (Жамбыл облысы) алтынға қол созым жерде қалса, Серік Сәлменов (Павлодар облысы) пен Еламан Ерғалиев (Қызылорда облысы) қола жүлдені қанжығаларына басты. 


Ертең, яғни 18 қараша дзюдодан Қазақстан чемпионатының соңғы жарыс күні.