Ағайынды жас спортшылар джиу-джитсудан әлем чемпионы атанды
Қазақстандық ағайындылар Біріккен Араб Әмірліктерінің Абу-Даби қаласында өткен джиу-джитсудан әлем біріншілігінде топ жарды. 8 жасар Арслан Берік пен 6 жасар Арсен Берік әлемнің жүздеген елінен келген үміткерлер арасында чемпион атанып, толағай табысқа қол жеткізген.
Ағайындылар спортпен кішкентай кезінен шұғылданады. Ата-анасының сөзінше, олардың спортқа деген құлшынысы мектеп табалдырығын аттамай тұрып басталған.
"Арслан да, Арсен де 4 жасынан спортқа қадам басты. Арслан үлкен ұлым, Арсен інімнің баласы. Екеуі де спорт десе ішкен асын жерге қояды", - дейді Арсланның әкесі Алмас Өтебаев.
Бразилиялық джиу-джитсудан өткен әлем чемпионатыда Арслан Берік 24 келіде жеңімпаз атанды. Ол финалда пәкістандық қарсыласынан айласын асырған. Ал Арсен Берік 20 келіде сынға түсіп, ақтық сында кувейттік спортшыдан басым түсті.
Айта кетелік, Абу-Дабидегі дүбірлі сынға әлемнің 120 мемлекетінен 5 мыңға жуық спортшылар қатысқан. Жас спортшылардың салмағында АҚШ, Канада, Франция, Ирландия, Ұлыбритания, Кувейт, Сауд Арабиясы елдерінің өкілдері бақ сынаған.
Арсен мен Арслан үшін бұл спорттағы алғашқы жетістіктердің бірі. Арслан джиу-джитсудан бөлек, дзюдо, жүзу және баскетболмен айналысады.
"Болашақта джиу-джитсудың бір тармағы Олимпиада бағдарламасына енуі мүмкін. Сондықтан, осы спорт түрімен қарқынды түрде шұғылданып, алдағы уақытта елімнің намысын абыроймен қорғағым келеді. Футболда Криштиану Роналду, басетболда Майкл Джордан, бокста Геннадий Головкин, бразилиялық джиу-джиутсуда Гальбаниді үлгі тұтамын", - дейді Арслан.