"Шенеуніктерге барып шаршадық": Оралда бір жылдан бері жалақы алмаған спортшылар шу көтерді
Батыс Қазақстан облысында бірнеше айдан бері жалақы алмаған спортшылар бас көтерді. Олар шенеуніктердің есігін қанша қақса да, жалақыдан хабар жоқтығын айтады, деп жазады Bassport.kz.
Жалақы мәселесі жас спортшыларды алаңдатып отыр. Республикалық және халықаралық жарыстарда ел намысын қорғап жүрген спортшылардың жалақы алмағанына бір жылға жуықтап қалған.
Академиялық есумен айналысатын Элеонора Сандер де жалақысын ала алмай, сабылып жүргендердің қатарында.
"Біз 2019 жылы халықаралық жарыста екінші орын алғанымыз үшін стипендияға іліктік. Бірақ соңғы жалақыны өткен жылдың желтоқсанында алдық. Бапкеріміз стипендия алатын спортшылар тізімін облыстық спорт басқармасына жібергенін айтады. Ал аталған тізімде менің аты-жөнім жоқ. Менімен бірге медаль алған қыздың тегі тұр, бірақ ақша оған да түспеген. Олар бізді алдап отыр", - дейді Сандер.
Жас спортшылар облыстық спорт басқармасының табылдырығын тоздырды. Әзірге, шенеуніктер құрғақ уәдемен шығарып салуда. Академиялық есу шеберлері халықаралық жарыста күміс медаль алғаны үшін 4 жыл бойы 80 мың теңге жалақы алуы тиіс.
"Стипендиясыз қиын бізге. Осыдан соң спортқа қалай ораласың? Заң бойынша бізге берілуі керек. Спорттан көбісінің кету себебі де осы", - дейді Элеонора.
Александра Костинаның да бүгінге дейін қолына тимеген жалақысы 800 мың теңгеге жеткен. Жас спортшы жалақыдан күдер үзгенін айтады.
"Ай сайын құжат тапсырдық. Еш нәтиже жоқ", - дейді ол.
Батыс Қазақстан облыстық спорт басқармасының мәліметінше, төрт айдан бері 240 спортшы жалақысын алмаған. Ал жыл басынан бері стипендия ала алмай жүрген спортшылар ұлттық құрама қатарына ілікпеген.