Мейірім Нұрсұлтановтың жекпе-жегі кейінге шегерілді
видеодан алынған скрин
Қазақстандық кәсіпқой боксшы Мейірім Нұрсұлтановтың америкалық Хесус Рамос кішіге қарсы WBC тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атағы үшін жекпе-жегі өтпейтін болды. Кездесу кейінге шегерілді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Бастапқы жоспар бойынша қос боксшы 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы Pechanga Arena-да шаршы алаңға шығуы тиіс еді. Алайда уақытша WBC чемпионы Хесус Рамос кіші сырқаттанып қалуына байланысты жекпе-жек тоқтатылды. БАҚ-та оның тамақтан уланып қалуы мүмкін екені айтылды. PBC промоутерлік компаниясы Нұрсұлтанов пен Рамос арасындағы кездесу мүлде өткізілмей қалмайтынын мәлімдеді. Жекпе-жек кейінірек басқа мерзімге ауыстырылады. Оның жаңа күні әзірге ресми түрде жарияланған жоқ.
Мейірім Нұрсұлтанов та жағдайға қатысты пікір білдірді.
«Өкінішке қарай, жекпе-жек болмайтын болды. Қарсыласымыз Рамос ауырып қалды. Біз толық дайын едік, үлкен жұмыс атқардық, көп жаттықтық және осы жекпе-жекке дайындалдық. Бұл өте өкінішті жағдай», – деді қазақстандық боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында.
Бұл кездесу Нұрсұлтановтың мансабындағы маңызды жекпе-жектердің бірі болуы тиіс еді. Бәсекеге WBC тұжырымы бойынша орта салмақтағы уақытша әлем чемпионының белбеуі тігілген. Сонымен қатар жеңімпаз WBC-дің негізгі әлем чемпионы атағына міндетті үміткер мәртебесін алуы керек болатын. Орта салмақтағы WBC-дің негізгі чемпиондық белбеуі Доминикан Республикасының өкілі Карлос Адамеске тиесілі.
Енді Мейірім Нұрсұлтанов пен Хесус Рамос кіші арасындағы титулдық жекпе-жектің жаңа мерзімі жариялануы күтіліп отыр.