WBO Жәнібек – Шираз айқасына қатысты шұғыл шешім шығарды
No Limit Boxing
Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO) қазақстандық Жәнібек Әлімханұлы мен британиялық Хамза Шираз арасындағы міндетті титулдық жекпе-жекке байланысты промоутерлік сауда өтетін күнді белгіледі, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
WBO мәліметінше, промоутерлік сауда 16 қыркүйекте ұйымның Сан-Хуандағы (Пуэрто-Рико) штаб-пәтерінде өтеді. Басталуы жергілікті уақыт бойынша сағат 14:00-ге (AST), ал Қазақстан уақыты бойынша 23:00-ге жоспарланған.
Ұйым алдағы сауда туралы X әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасында да хабарлады.
«Шираз – Әлімханұлы: келесі қадам осы жерден басталады. Сәрсенбі, 16 қыркүйекте Сан-Хуаннан WBO промоутерлік саудасының тікелей трансляциясын көріңіздер», – делінген ұйым хабарламада.
Бұған дейін WBO екі тарапқа міндетті жекпе-жекті өткізу шарттары бойынша өзара келісімге келу үшін 10 қыркүйекке дейін уақыт берген еді. Алайда белгіленген мерзім ішінде келісім жасалмады.
Осыған байланысты енді жекпе-жекті ұйымдастыру құқығы промоутерлік сауда арқылы анықталады. Саудада ең жоғары ұсыныс жасаған промоутер Әлімханұлы – Шираз кездесуін ұйымдастыру құқығына ие болады.