Серік Жұмашев: Біздің балуандарға кәсіби шеберлік жетіспейді. Әлі әуесқой деңгейдеміз

Серік Жұмашев: Біздің балуандарға кәсіби шеберлік жетіспейді. Әлі әуесқой деңгейдеміз
Жекпе-жек
Грек-рим күресінен Қазақстан командасы Белградтағы әлем біріншілігін бір қола медальмен аяқтады. «Классиктер» қатарынан екінші жыл әлемдік додадан жалқы қоламен оралып отыр. Биыл Айдос Сұлтанғали 60 келіде үздік үштікке енсе, былтыр Алмат Кебіспаев жер жүзілік жарыстағы бесінші жүлдесін алған еді. Сербия астанасында балуандарға не жетпеді? Жүлдеге сынық сүйем жерде тұрған спортшымыздың шалыс басуына не себеп? Команда әлемдік додаға бабында барды ма? Бұл туралы Bassport.kz тілшісіне сұхбат берген ұлттық құраманың бас бапкері Серік Жұмашев айтып берді. 

Дайындық жақсы, бірақ бір қайнауымыз кем болды

«Белградтқа біздің командамыз жақсы дайындықпен барды. Жазғы Қазақстан чемпионатында топ жарған балуандардың барлығын қатарға қостық. Ешбір балуан бапкер назарынан сырт қалған жоқ. Десе де, жаттығудың сәл аздық еткенін мойындаймын. Толық екі ай әлем біріншілігіне дайындалдық. Бірақ  бір қайнауымыз кем болды. Жалпы, маусым жігіттер үшін жаман басталған жоқ. Азия біріншілігіндегі нәтижеміз көңілден шығады. Жеті бірдей спортшымыз финалда күресіп, екі алтын иелендік. Бұл біздің құрама үшін жаман көрсеткіш емес. Осыдан соң, әлемдік бәсекеге дайындала бастадық. Әзірбайжанмен бірлескен жаттығу жиынын өткіздік. Әзірбайжан Еуропадағы ең мықты құрамалардың бірі, сондықтан, олармен тәжірибе алмасу өте маңызды. Кейін Румыниядағы жарыстан бес алтынмен оралдық. Қырғызстанда оқу-жаттығу жиындарын өткізіп, қорытынды жиынды Жаңа Алексеевка ауылындағы базада ұйымдастырған жайымыз бар. Байқасаңыздар, сәуірде Азия чемпионатына қатысқан құрамнан әлемдік додаға үш-ақ балуан барды. Олар – Бекболатов, Қален және Сыздықов. Қалған жеті жігітті шілдедегі Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша таңдадық. Ел чемпионатында топ жарған кейбір спортшылар үшін бұл алғашқы ірі бәсекелердің бірі болғаны рас», - дейді Жұмашев. 

Бекболатов психологиялық тұрғыдан жеңілді. Ал командада психолог жоқ...

Әлем чемпионатында жүлдеге бір қадам жақындаған балуандардың бірі – Аманғали Бекболатов. Соңғы жылдары 55 келінің тізгінін қолға алған спортшы әлем біріншілігіне алғаш рет қатысып отыр. Бас бапкердің айтуынша, Аманғалидің жүлде алатын мүмкіндігі мол болды. Бірақ психологиялық сынақтан аса алмаған.

«Аманғали финалда күресетін жігіт еді. Ол өте жақсы спортшы. Тәртібі де, күші де жақсы. Мен оны кадеттер мен жасөспірімдер құрамасында жүрген кезінен жақсы білем.  Бірақ оған психологиялық тұрақтылық жетіспей отыр. Мәселен, биылғы Азия чемпионатында ол өзімен бір деңгейдегі жапон балуанынан жеңілді. Әлем чемпионатының қоласы үшін өзбек балуанымен күресіп, 5:0 есебімен ұтып жатты. Бірақ екінші кезеңде есе жіберіп қойды. Неге? Өйткені ол соңына дейін күресемін, қалайда медаль аламын деген ойда болған жоқ. Белдесу кезінде Аманғали сол бес ұпайын сақтап қалып, соның есебімен жеңімпаз атансам деп ойлады. Ал ұтылып жатқан балуан бұл ойыңмен келісе ме? Әрине, жоқ. Ол шабуылға барды, жеңісті жұлып алу үшін барын салды. Нәтижесінде Аманғали қоладан да айырылып қалды. Елге келген соң бұл мәселенің бәрін талқыладық. Бізге мықты спорт психологының көмегі керек-ақ. Әзірге мұндай білімді мамандар кездеспей жатыр», - дейді бас бапкер. 

Бірінші айналымнан қайтқандар...

Әлем чемпионатында грек-рим күресінен 4 балуанымыз бірінші кезеңнен әрі аса алған жоқ. Олардың қатарында Ғалымжан Қабдунасаров пен Дінмұхамед Қошқар сынды жас спортшылар да бар. Бас бапкер оларды болашағы бар жігіттердің қатарына қосты. 

«63 келіде белдескен Ғалымжан Қабдунасаров өте тәртіпті, жаттығуда еш аянбай, жанын салып дайындалатын жігіттердің бірі. Ересектер арасындағы алғашқы әлем чемпионатына қатысып, бірінші кезеңде ұтылды. Ол қарсыласының өте қиын әдісіне түсіп қалды, одан шығып кету қиын. Ал әлем чемпионатында сен кез-келген әдіске дайын болуың қажет. Ғалым Румынияда өткен халықаралық сында жүлде алып, енді ысылып келеді. 
67 келідегі Дінмұхамед Қошқар да өте талантты балуандардың бірі. Негізі бұл салмақтағы көшбасшымыз – Мейіржан Шермаханбет. Ол жаттығу кезінде баскетбол ойнап жүріп, көзін жарақаттап алды. Қуанышқа қарай, ота өте сәтті аяқталып, бір қарашадан бастап команда қатарына қосылады. Қошқар Қазақстан чемпионатының финалында Азия чемпионы Сұлтан Әсетұлын жеңіп, чемпион атанды. Ал әлем біріншілігінде француз балуанынан жеңіліп қалды. Токио Олимпиадасына іріктеу кезеңінде франциялық жігіт біздің Алмат Кебіспаевты да ұтып кеткен болатын. Десе де, француз балуанын ұтып жатып, соңына қарай күші жетпей қалды. Ол әлі өте жас, сондықтан, мұндай додалар арқылы шыңдалары анық. Бұл салмақта Сұлтан Әсетұлы деген балуанымыз да бар. Сұлтан ел чемпионатының финалында ұтылған соң, Белградқа барған жоқ. Олимпиадалық салмаққа ауысқалы бері бейімделу кезеңінен өтіп жатыр. Бірақ Сұлтан үшін 63 келінің өте ыңғайлы екені рас. Сұлтан Түркияда өткен студенттер арасындағы әлем кубогінде жеңіске жетті. Бұл салмақтағы бәсекеге өте қабілетті балуандардың бірі», - дейді бапкер. 

Шәршенбеков ыңғайсыз қарсылас, бірақ Айдостың шамасы жетеді

60 келіде әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанған Айдос Сұлтанғалидың жартылай финалдағы күресі жанкүйерді ойландырып қойғаны рас. Екі кезең бойы бет қараптай келе жатқан балуанымыз қырғыз балуаны Жоламан Шәршенбековке қауқар көрсете алмады. Бас бапкердің бұған да айтар уәжі бар. 
«Айдос биылғы Азия чемпионатына қатысқан жоқ. Мақсатты түрде шілдедегі әлем біріншілігіне дайындалып, бәрін 10:0 есебімен ұтып шықты. Шыны керек, осы әлем чемпионатында Айдостың он күндей дайындығы кем болып қалды. Өйткені, Қырғызстандағы жиынға келгенде Айдостың үстіне шиқан  шығып кетіпті. Инфекция асқынған болуы керек. Оны дереу Алматыға қайтарып, тамыз айында Сұлтанғали көп уақытын емге жұмсады. Міне, осы он күнгі дайындықтың жоқтығы әлем чемпионатында қатты байқалды. Жартылай финалда Айдосты Жоламаннан қорқып қалды деушілер бар екен. Расында, олай емес. Егер Айдос толық бабында барғанда, Жоламанға шамасы жететін еді. Өйткені, Шәршенбиев өте ыңғайсыз қарсылас. Онымен күресу үшін көп күш қажет, қолын үнемі байлап отыру керек. Ал біздің бала функционалдық дайындығының аз екенін білген соң, тәуекелге барған жоқ. Айдос Сұлтанғали 60 келідегі үздіктеріміздің бірі. Салмағы да дәл келеді. Енді оған тек толассыз дайындық қажет», - дейді Серік Жұмашев.

Ауыр салмақтарда бәсекеге қабілетсізбіз бе?

«Иә, бірнеше жылдан бері осы мәселе көтеріліп жүр. 87 келідегі Нұрсұлтан Тұрсынов әлемдік сындарда алысқа шапқан жоқ. Талай жыл 97 келіде күрескен Ерұлан Ысқақов биылғы чемпионаттан өзі бас тартып, жолын берді. Екінші нөмір Олжас Сырлыбайды дайындап едік, ол жарысқа кетер алдында соқыршек болып, ота жасалды. Содан соң үшінші нөмірлі Ислам Умаевты қарастыруға тура келді. Ислам өте жас балуан, менің төл шәкіртім. Әлем чемпионатында Рустам Ақсақалов сынды адуынды балуанға тап болды. Ол әлемдік рейтингте бесінші орында тұр. Әрине, күші де, тәжірибесі де жетпеді. Бірақ енді бір жылдан соң Ислам бұл салмақтың мықтыларына төтеп беретініне сенімдімін. Ал 130 келідегі Әлімхан Сыздықовқа да психологиялық тұрғыдан тұрақтылық жетпейді. Одан бөлек, салмағы да бес келідей аздық етеді. Алда олармен ұзақ әрі көп жұмыс істеу керек», - дейді жаттықтырушы. 
Бізге кәсіби спортшы болу керек...

Сөз соңында Серік Жұмашев біздің балуандардан нендей қасиетті көргісі келетінін айтты. 

«Жігіттерге кәсіби шеберлік жетпейді. Олимпиадаға, әлем чемпионатына баратын балуандар мықты болуы керек. Тек жаттығу жиынында дайындалып қоймай, демалыста, үйлеріне барғанда да жаттығуға шын ықыласымен берілуі қажет. Алмат Кебіспаев сияқты кәсіби балуан болу керек. Мен спортшылардан осындай ынта күтемін. Әзірге біз әуесқойлар деңгейінде жүрміз. Бірақ команда жасақталып жатыр. Олар маған сеніп отыр. Мен оларға үміт артудамын. Бұйырса, біз әлі қуантамыз», - деді Серік Жұмашев.