Ербол Мырзабосынов таеквондодан Қазақстан құрамасын құттықтады

Ербол Мырзабосынов таеквондодан Қазақстан құрамасын құттықтады
Басқа

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жастар арасындағы әлем чемпионатында тарихи нәтиже тіркеген Қазақстан құрамасын құттықтады, деп хабарлайды BasSport.kz тілшісі. 

"Кенияның Найроби қаласында өткен таеквондодан (WT) 21 жасқа дейінгі әлем чемпионатында отандық спортшылар ел тарихында бұрын-соңды болмаған жетістікке қол жеткізіп, екі алтын, бір қола медаль жеңіп алды. Әлемдік доданың алғашқы күндерінде Бейбарыс Қаблан тұғырдың ең биік сатысына көтеріліп, Әнұранымызды шырқатты. Оның еліміздің таеквандо тарихындағы тұңғыш жеңісін Мемлекет басшысы ерекше атап өтіп, жас спортшыға құттықтауын жолдады. Жарыстың соңғы күнінде былтырғы Париж Олимпиадасына қатысушы, дарынды спортшымыз Батырхан Төлеуғали де мықтылығын дәлелдеп, әлем чемпионы атанып, ел абыройын асқақтатты. Сондай-ақ отандасымыз Темірлан Тілеулес те әлем біріншілігінде қола медаль жеңіп, тұырдан көрінді. Осылайша, ұлттық құрама бұл чемпионатта екі алтын және бір қола жүлде олжалап, таеквондо тарихындағы үздік нәтижені тіркеді. Бұл жеңіс жас спортшыларымызды жігерлендіріп, қазақ таеквондосының дамуына жаңа серпін беретіні сөзсіз. Жүлдегерлер қатарынан көрініп, ел мерейін асырған спортшыларға, федерация басшылығына, спортшыларды әлем чемпионатына жоғары дайындықпен апарған бапкерлер құрамына және бүкіл команда мүшелеріне ерекше алғыс білдіре отырып, тарихи жеңіспен шын жүректен құттықтаймын! Спортшылардың жеңісті жолы жалғасын таба берсін!", - деп жазылған құттықтауда.

Айта кетейік, Кенияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы екі алтын мен бір қола жүлде еншілеп, жалпыкомандалық есепте үшінші орынға табан тіреді.