Елена Рыбакина WTA 1000 турнирінің төртінші айналымына шықты
ҚТФ
АҚШ-тың Цинциннати қаласында өтіп жатқан, жүлде қоры қомақты WTA 1 000 турнирінде Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина кезекті жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Bassport.kz Informsports.kz-ке сілтеме жасап.
Әлемнің 2-ракеткасы жарыстың үшінші айналымында Польша өкілі Магдалена Френхпен (WTA рейтингінде 41-орын) кездесіп, ширек финалға бір қадам жақындады.
Теннисшілер осыған дейін кортта үш мәрте жолығып, барлық бәсекеде қазақстандық спортшының мерейі үстем болған. Бұл жолы да Рыбакина фаворит мәртебесін сақтап қалды, алайда матч оңайға соққан жоқ. Ойынның басында поляк қызы брейк жасап, алға шығуға тырысқанымен, Елена тез арада есепті теңестіріп үлгерді.
Кездесудің ең қиын тұсы ауа райының қолайсыздығы болды. Бірінші сетте есеп 5:4 болып, шешуші сәт таяғанда нөсер жаңбырдың салдарынан бәсеке тоқтатылды. Үзілістен кейін қайта оралған Рыбакина сетті брейкпен сәтті аяқтады – 6:4.
Екінші партияда да жағдай қайталанды: есеп 4:3 болғанда ойын тағы да кейінге шегерілді. Осындай психологиялық қысымға қарамастан, Елена тай-брейкте басымдығын дәлелдеп, жеңісті жұлып алды – 7:6 (7:2).
Екі сағатқа жуық уақытқа созылған тартысты бәсекеде Рыбакина 5 эйс (тікелей ұпай) жасап, 17 брейк-пойнттың 3-еуін сәтті пайдаланды. Ал оның қарсыласы Френх 5 эйс жасап, 2 брейкпен жауап берді.
Енді Елена Рыбакина ширек финал жолдамасын сарапқа салу үшін Диана Шнайдер (Ресей, 14-ракетка) мен Майя Хвалиньска (Польша, 23-ракетка) жұбының жеңімпазымен кездеседі.