"Тоғыз жыл күткен алтын": Күрес түрлерінен Римдегі әлем чемпионаты қалай өтті

Күрес
Италия астанасы Рим күрес түрлерінен 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатын абыроймен атқарды. Аталған сыннан қазақстандық балуандар да құр қол қайтқан жоқ. Грек-рим күресінен екі қола еншілесек, әйелдер командасы бір медальді қанағат тұтты. Ал еркін күрес шеберлері «мәңгілік қалада» әнұранымызды екі рет шырқатты. Bassport.kz жас балуандар додасын қорытындылаған болатын. Римдегі әлем чемпионаты жас балуандар үшін жылдың ең маңызды бәсекесі саналады. Бұған дейін 17 жасқа дейінгі спортшылар Бішкектегі Азия чемпионатында шеберлік байқасқан еді. Құрлық додасында іріктелген үздіктер әлемдік деңгейдгі жарысқа аттанды. Грек-рим және еркін күрестен жасөспірімдер командасын кілемдегі мансабын кеше ғана аяқтаған Алмат Кебіспаев пен Дәулет Ниязбеков жаттықтыратынын естеріңізге саламыз. Еркін күрестен қазақстандық балуандар араға тоғыз жыл салып әлемдік сынның алтынын иеленіп отыр. Күрестің бұл түрінен әлем чемпионатының алтын медалі ең соңғы рет 2013 жылы бұйырыпты. Сол жылы Дархан Қалкенов 46 келіге дейінгі салмақта топ жарған. Содан бері жалғасқан қола жүлделер тізімін биыл екі өреніміз алтынға алмастырды. Олар - Дарын Әскербек пен Камил Куруглиев. Дарын 55 келіде бақ сынап, жеңіске деген жігерімен ерекшеленді. Бапкерлері де жас балуанның мақсатшыл әрі соңына дейін берілмейтін намысшыл екенін айтады. Әлем чемпионатының финалында Дарын қарсыласынан таза ұтылып жатып, есепте алға шыққан болатын. Бұл басымдығын ең соңына дейін ұстап, америкалық «соңғы тұяқ серпігенде» таблода 11:10 есебі тіркеліп тұрды. Осылайша, Дарын әйгілі Нұржан Қатаев ағасының жетістігін қайталап, жасөспірімдер арасында әлем чемпионы атанып отыр. Бүгінге дейін Қазақстан атынан әлем чемпионына берілетін белбеуді санаулы балуандар ғана ұтып алған еді. Енді олардың қатарына жас Дарын да қосылды. Еркін күрестегі екінші алтынның да жөні бөлек. Отандық күрестің дамуына өлшеусіз үлес қосқан балуан, әлем чемпионатының және Азия ойындарының қола жүлдегері Магомед Куруглиевтің ұлы Камил Куруглиев Рим төрінде көк туымызды желбіретті. Турнир аясында Камил барлық қарсыластарын ірі есеппен ұтты. Тек ширек финалда жолыққан үндістандық балуан Сахил Джагланды ғана екі ұпай айырмашылығымен жеңген. Ал финалда венгриялық Муса Арсункаевқа айла қалдырмай, 11:0 есебімен басым түсті. Тікелей эфир кезінде Дәулет Ниязбековпен бірге кілем жанында балаша қуанған Камилдің әкесі Магомед Кургулиевті көзіміз шалды. Желі арқылы жеткен бейнежазбалардан Магомед әкенің көк туды оранып ап, ұлының жеңісі үшін ерекше шаттанып тұрғанын байқадық. Кім біледі, әкесіне бұйырмаған ірі додалардың алтыны тап осы Камилге бұйыратын шығар... Еркін күрестен Қазақстан командасының бес мүшесі қола медальға таласты. Бірақ барлығы да кіші финалда қарсыласқа есе жіберіп, әлем чемпионатын бесінші орынмен аяқтады. Ал грек-рим күресінен екі балуанымыз қолаға қол созды. Олар – Арсен Жұма (48 келі) мен Юсуф Ашрапов (60 келі). Команданың аға жаттықтырушысы Алмат Кебіспаевтың айтуынша, Азия чемпионатында көш бастаған ағайынды Бекімовтердің әлемдік сында жолы болмаған. «Жүлде алған екі жігітіміз де жарады. Жартылай финалда жолы болмаса да, қола үшін күресте тайсалған жоқ. Арсен балуанымыз жарыс кезінде тобығын шығарып алған еді. Қола үшін күресте жарақаты жанына батса да, жеңісті қолдан берген жоқ. Ал Юсуф Ашраповтың ирандық балуанға қарсы өткізген белдесуі нағыз тартысқа толы болды. Олар кілемге шықпай тұрып-ақ ағысы қатты өзендей бұлқынып, өздерін шымылдық артында әрең ұстап тұрды. Кілемге шыққан бойда ирандық спортшы біраз ұпаймен алға озып кеткен. Юсуф шексіз ерік-жігерінің арқасында жеңісті жұлып алды», - дейді Кебіспаев. Қыздар арасындағы бәсекені Алина Ертөстік бір қола медальмен аяқтады. Бұл әлем чемпионаты біздің жас балуандардың әлеуетін байқатып, бапкерлік қызметке енді ауысқан Алмат Кебіспаев пен Дәулет Ниязбековтің жаттықтырушы ретінде қалыптасуына бағдар берген бәсеке ретінде де есте қалары анық. ФОТО: UWW.ORG