Елордадағы турнирде қос қазақстандық теннисші ширек финалға шықты
Коллаж: Kazinform / ҚТФ
Астана қаласында Beeline Arena ұлттық теннис орталығында World Tennis Tour M15/W15 Asu Open 2 турнирі өтіп жатыр. Қазақстандық теннисшілерден осы аптада жекелей сында Дамир Жалғасбай мен Асылжан Арыстанбекова сәтті өнер көрсетті, деп хабарлайды Bassport.kz Kazinform.kz-ке сілтеме жасап.
Ерлер арасында 18 жастағы Дамир алдымен әлемнің 805-ракеткасы, ресейлік Григорий Шебекинді 6:3, 6:4 есебімен жеңді.
Д.Жалғасбай екінші айналымда рейтингіде 1 001-орындағы тағы бір ресейлік Никита Яниннен басым түсті – 6:3, 6:3.
Әйелдер арасында рейтингіде 946-сатыдағы, 20 жастағы Асылжан Арыстанбекова алғашқы айналымда әлемнің 651-ракеткасы, ресейлік Екатерина Тупыцинаны жолдан тайдырды – 7:6 (7:5), 4:6, 6:1.
Асылжан бүгін рейтингіде 1 201-орындағы аустриялық Лиэль Ротенштайнермен де тартысты кездесу өткізді. Қазақстандық теннисші камбэкпен жеңіске жете білді – 3:6, 6:2, 6:4.
Д.Жалғасбай мен А.Арыстанбекованың келесі қарсыластары кейін белгілі болады.
Басқа қазақстандық теннисшілер жекелей сында ширек финалға дейін жете алмады.