«Қайрат» өз алаңында корольдік клуб «Реалдан» ірі есеппен жеңілді

«Қайрат» өз алаңында корольдік клуб «Реалдан» ірі есеппен жеңілді
Футбол

Azattyq Rýhy

Алматының Орталық стадионында өткен Чемпиондар лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турында «Қайрат» мадридтік «Реалға» 0:5 есебімен жол берді. 

Кездесу тартысты басталды. Алматылықтар алғашқы минуттардан-ақ қарсыласқа қысым жасап, қауіпті шабуылдар ұйымдастырды. Небәрі 17 жастағы Шерхан Қалмырза да бірнеше рет командасын құтқарып қалды.

Алайда дәл 25-минутта жас қақпашы айып алаңында Франко Мастантуоноға қарсы ереже бұзды. Пенальтиді Килиан Мбаппе сәтті орындап, есеп ашты. Үзіліске дейін испандықтар басымдықты арттыра алмағанымен, алаң иелеріне оңай болған жоқ.

Ал екінші таймда «Реалдың» шабуылы үдей түсті. 52 және 74-минуттарда Мбаппе дубль мен хет-трик авторы атанды. Ойын соңына қарай Эдуардо Камавинга (83-минут) және Браим Диас (90+3-минут) тағы екі гол соғып, қорытынды есепті 0:5-ке жеткізді.

Осылайша, алаң иелері жұлдызды құрамға ие «Реалдың» қарқынына төтеп бере алмады. Испандық клуб толық басымдық танытып, сенімді жеңіске жетті. Десе де, бұл кездесу қазақстандық жас ойыншыларға үлкен тәжірибе беріп, болашақта жаңа жеңістерге жол ашары сөзсіз.