«Реалдың» ішіндегі жанжал: Беллингем мен Рюдигер қарым-қатынасты үзді

Чемпионат
Англия құрамасының жартылай қорғаушысы Джуд Беллингем мен мадридтік «Реал» клубының қорғаушысы Антонио Рюдигер арасындағы жанжал жаттығу кезінде төбелеске ұласқаны белгілі болды. Бұл туралы Bassport.kz Don Balon басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Екі ойыншы арасындағы келіспеушілік өткен маусымда-ақ басталған. Шиеленістің шарықтау шегі — жаттығу кезінде Рюдигердің Беллингемге қарсы қатты подкат жасауы болды. Бұл сәттен кейін екеуі төбелесіп қалып, командаластары араша түсуге мәжбүр болған. Содан бері футболшылар бір-бірімен сөйлеспеуге көшіп, қарым-қатынасты мүлде үзген.
Формальды әрекеттер — мысалы, матч алдындағы қол алысу сынды сәттер ғана сақталғанымен, арадағы салқындық сақталып отыр. Тіпті Испания Кубогының финалынан кейін де екеуінің арасы түзелмеген.
Команда ішіндегі ахуал мұнымен шектелмейді. Винисиус пен Килиан Мбаппе арасындағы қатынастың да салқындығы ұжым ішіндегі психологиялық қысымды күшейтіп отыр. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, Беллингем Рюдигердің дөрекі мінезінен және алаң сыртындағы әрекеттерінен шаршаған. Бұл факторлар «Арсеналдан» болған жеңілістен кейін ушыға түскен. Жақында Вальдебебастағы жаттығу кезінде тағы да жанжал бола жаздаған.
Жаңа бас бапкер Хаби Алонсоға осы сынды қиындықтарды еңсеріп, командалық атмосфераны ретке келтіру міндеті жүктеліп отыр. Беллингем мен Рюдигер алаңда кәсіби ойын көрсеткенімен, араларындағы алшақтық команданың ішкі үйлесіміне әсер етпей қоймайды.
Жаңа маусым қарсаңында команда ішіндегі мұндай ахуал «Реал» сынды амбициясы зор ұжым үшін үлкен қауіп төндіруі мүмкін. Бұл жағдай тактика мен физикалық дайындық қана емес, команда ішіндегі адами қатынастардың да маңызын еске салады.