Ермахан Жақпеков спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді

Ермахан Жақпеков спорттық мансабын аяқтағанын мәлімдеді
Бокс

NUR.KZ

Қазақстан құрамасының тәжірибелі былғары қолғап шебері Ермахан Жақпеков мансабын аяқтауға мәжбүр болды. Бұл туралы боксшы өзінің Instagram парақшасында жазды.

— Өмір әркімді әрқалай сынайды. Мен өзімнің бокс жолымды аяқтауға мәжбүрмін. Жарақат тоқтауға себеп болды. Бокс – менің өмірімнің үлкен бөлігі еді. Бұл спорт маған күш-жігер, тәртіп, мінез және шынайы адамдарды сыйлады. Әрбір раунд, әрбір тер тамшысы, әрбір шаршы алаңға шығуым – мен үшін мақтаныш. Маған сенгендерге алғыс. Жанымда болғандарға рахмет – жеңісте де, жеңілісте де. Мен басымды тік көтеріп, ризашылықпен кетіп барамын. Бұл – соңы емес, жаңа бастама. Енді менің күресім рингтен тыс жалғасады, – деп жазды Жақпеков.

Ермахан Жақпеков – Азия чемпионатының қола жүлдегері (2024), «Елорда кубогының» күміс жүлдегері (2023), екі дүркін Қазақстан чемпионы. Сондай-ақ, жастар құрамасында 2018 жылы Будапештте өткен жастар арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған.

Боксшының мансабы жарақатқа байланысты тоқтаса да, оның спорттағы жетістіктері мен ел намысын абыроймен қорғаған сәттері жанкүйерлердің жадында сақталады.