МЛС Лионель Мессидің оққағарына алаңға шығуға тыйым салды

Футбол
sovsport.ru
Америкалық МЛС лигасы Лионель Мессидің жеке күзетшісі Яссин Чуэкодің матч кезінде алаңға шығуына ресми түрде тыйым салды.
Bolavip порталының мәліметінше, мұндай шешім лига тарапынан қауіпсіздік ережелерін сақтау мақсатында қабылданған. Себебі әр стадионда қауіпсіздік қызметі толық жұмыс істейді және қосымша көмекті қажет етпейді. Яссин Чуэко бұған дейін бірнеше мәрте жанкүйерлер алаңға жүгіріп шыққанда Мессиді қорғау мақсатында әрекет еткен.
— Енді мен алаңға шыға алмаймын. Еуропада жеті жыл жұмыс істедім – Лига 1-де және Чемпиондар лигасында. Сол кезде алаңға бар-жоғы алты адам ғана шықты. Ал АҚШ-қа келгеніме 20 ай ғана болса да, 16 рет мұндай жағдай тіркелді. Бұл — үлкен мәселе, мен Леоға көмектескім келеді. МЛС-ті жақсы көремін, бірақ біз бірге жұмыс істеуіміз керек. Мен ешкімнен артық емеспін, бірақ менің Еуропада жинаған тәжірибем бар. Дегенмен лига шешімін түсінемін, — деді Чуэко.
Айта кетейік, Яссин Чуэко — АҚШ әскерінің арнайы жасақ қатарында болған, Ирак пен Ауғанстандағы соғысқа қатысқан, жекпе-жек өнерін меңгерген және ММА жекпе-жектерінде бақ сынаған маман.