Азиада-2025: Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайды жеңді

Сали Сабиров
Қазақстан әйелдер хоккей құрамасы Харбинде өтіп жатқан Азиада-2025 турнирінің финалдық кезеңіндегі екінші кездесуін өткізді, деп хабарлайды Bassport.kz.
Бұл ойында қазақстандықтардың қарсыласы жарыс қожайындары – Қытай құрамасы болды. Екінші кезеңде Надежда Филимонова есеп ашты. Үшінші кезеңде Ван Цзясинь таразы басын теңестірді, алайда соңғы минуттарда Александра Шегай жеңіс шайбасын соғып, Қазақстанға 2:1 есебімен жеңіс сыйлады.
Еске салайық, финалдық кезеңнің алғашқы матчында Қазақстан құрамасы Оңтүстік Кореяға 0:4 есебімен есе жіберген болатын. Ертең, 14 ақпанда, қазақстандық хоккейшілер Жапония құрамасымен кездеседі.
Айта кетейік, Азиада-2025 турнирінде әйелдер хоккейіндегі жүлделер айналмалы жүйе бойынша сарапқа салынады. Бұған дейін Қазақстан құрамасы топтық кезеңде 11 ұпай жинап, «B» тобында бірінші орын алған еді.