Қазақстан құрамасының футболшысы мансабын күтпеген жерде жалғастырады
ҚФФ
«Елімай» және Қазақстан құрамасының қорғаушысы Михаил Габышев бірінші лига клубы — қарағандылық «Шахтерге» ауысқалы жатыр, деп хабарлайды Bassport.kz Meta-ratings.kz-ке сілтеме жасап.
Өскемен футбол мектебінің түлегі, 35 жастағы Михаил Габышев мансабында көп жылдар бойы ойнаған командасына оралуға шешім қабылдады.
Өткен маусымда Габышев «Елімай» сапында 12 матч өткізген. 2023 жылдың маусымында Қазақстан құрамасы сапында Армения және Әзірбайжан құрамаларына қарсы екі кездесу өткізді. Жалпы ұлттық құрамада 12 ойын өткізіп, бір гол соққан.
Михаил Габышев «Шахтерде» мансабының тоғыз жылын өткізген (2012-2018 және 2021-2022 жылдары). «Шахтер» сапында Қазақстан чемпионы, ел Кубогы және Суперкубогының иегері атанған.
Айта кетейік, бұған дейін «Шахтерге» тағы бір ардагер — қақпашы Игорь Шацкий оралған еді.