Неліктен Гэрри Рахмоновты жеңе алмады?

Неліктен Гэрри Рахмоновты жеңе алмады?
Жекпе-жек

Рамблер спорт

Ресейлік MMA спортшысы Али Багов (34-11) UFC 310 турнирінде өткен Шавкат Рахмонов (19-0) пен ирландиялық Иэн Гэрри (15-1) арасындағы жекпе-жекке қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Bassport.kz.

Бесінші раундта Гэрри Рахмоновты тұншықтыруға жақын болған еді. Алайда, Шавкат қиын жағдайдан сытылып шығып, жекпе-жекті жалғастырды. Нәтижесінде, Рахмонов төрешілер шешімімен жеңіске жетті.

«Мен оны тұншықтыра алмайтынын білдім, себебі Шавкаттың өзі мықты әрі төзімді. Бұл бесінші раундта болды, сондықтан Гэрри оны тұншықтыра алмайды. Егер бұл екінші немесе үшінші раундта болса, Шавкатқа қиын болар еді. Ал бесінші раундта қарсыласы шаршап қалған еді. Төзімді қарсыласты ауырту әдісімен жеңу қиын. Ал Шавкат – төзімді әрі мықты. Сондықтан оның жеңіске жететініне сенімді болдым», – деді Багов Namys Fighting-ке берген сұхбатында.

Айта кетейік, бұл Шавкат Рахмоновтың мансабындағы төрешілер шешімімен аяқталған алғашқы жекпе-жегі болды, ал Иэн Гэрри алғаш рет жеңіліс тапты.

Еске сала кетейік, бастапқыда бұл турнирде Шавкат Рахмонов UFC-дің жартылай орта салмақтағы чемпионы Белал Мухаммадпен (24-3) кездесу керек болатын. Алайда, Мухаммад денсаулығына байланысты жекпе-жектен бас тартты.