Есбол Сұлтанов әлемдегі үздік бапкер атанды

Есбол Сұлтанов әлемдегі үздік бапкер атанды
Басқа

Sport24.kz

Таеквондодан Тунис құрамасының бас бапкері, қазақстандық маман Есбол Сұлтанов 2024 жылдың “Үздік бапкері” атанды. Бұл марапатты оған World Taekwondo федерациясы табыстады, деп хабарлайды Bassport.kz

Сұлтановтың жетекшілігімен Тунис құрамасы Париж Олимпиадасында алтын және қола медаль жеңіп алды. Айрықша жетістіктер үшін халықаралық федерация қазақстандық бапкердің еңбегін ерекше бағалады.

– “Тунис құрамасының бас бапкері Есбол Сұлтанов “Жыл бапкері” атағын иеленді,” – делінген World Taekwondo ресми хабарламасында.

Есбол Сұлтанов Тунис құрамасымен 2023 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істеді. Оның жетекшілігімен Фирас Катусси Олимпиада чемпионы атанса, Мохамед Халиль Джендуби қола жүлде иеленді. Бұған дейін Сұлтанов Қазақстан ұлттық құрамасының аға жаттықтырушысы қызметін атқарған.

Айта кетейік, Париж Олимпиадасында Қазақстан құрамасы таеквондодан бірде-бір медаль ала алмады. Олимпиада аяқталғаннан кейін, қыркүйек айында Қазақстан таеквондо федерациясының жаңа президенті сайланған болатын.

QazSport телеарнасының мәліметінше, Есбол Сұлтанов Тунис құрамасымен келісімшартын аяқтап, елге оралып, ұлттық құраманы басқаруы мүмкін.