«Artsport» айналасындағы жемқорлық: бюджетке қанша шығын келді
Виктор Федюнин/Kazinform
Cыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің ресми өкілі Данияр Бигайдаров «Artsport» бағдарламасына бөлінген қаржыны жымқыру күдігіне іліккендерге қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдарының аяқталғанын айтты. Bassport.kz бұл туралы ҚазАқпаратқа сілтеме жасап хабарлады.
«Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру шеңберінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет спортты қаржыландыру саласындағы жемқорлық тәуекелдерін болдырмау мақсатында мемлекеттік ұйымдар мен мекемелердің қызметін тексеруді жалғастыруда. Жыл басынан бері Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет 1,3 млрд теңге шығынмен 59 қылмыстық құқық бұзушылықты тіркеді», - деді Данияр Бигайдаров агенттікте өткен баспасөз мәслихатында.
Осы орайда Антикор арнайы жаттығу секцияларын қосарланған қаржыландырудың, жалған оқу-жаттығу жиындарына және жан басына шаққандағы қаржыландыруға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру әрекеттерін әшкерелеген.
«Атап айтқанда, Туризм және спорт министрлігінің «Спортты дамыту дирекциясы» РМҚК бұрынғы директорына, оның орынбасарына және басқа тұлғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу аяқталды. Олар «Artsport» бағдарламасымен балаларды оқыту бойынша қызметтер көрсету шеңберінде бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінді. Сонымен қатар «Азия ойындары-2023» спортшыларының жабдықтарын, спорттық қызметтерді, спорттық жабдықтарды және іс-сапар шығындарын сатып алуға бөлінген бюджеттік ақшаны иеленудің қосымша эпизодтары белгіленді», - дейді ол.
Аталған фактілер бойынша залалдың жалпы сомасы – 746 млн теңге.
https://kaz.inform.kz/news/artsport-aynalasindagi-zhemkorlik-daui-byudzhetke-kansha-shigin-keld-2d2b59/