Марадонаның мүрдесі қайта қазылады
Sven Simon / Global Look Press
Аргентина астанасы Буэнос-Айресте аңыз футболшы Диего Марадонаға арналған кесене салынады. Bassport.kz бұл туралы 1bol.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Sky News мәліметінше, кесене құрылысы аяқталған соң Диего Марадонаның сүйегі сол жерге қайта жерленеді.
Естеріңізде болса, футболшы 2020 жылы Буэнос-Айрестен 50 шақырым жердегі Белья-Виста жеке зиратына жерленген. Бірақ былтыр Марадонаның балалары оның сүйегін қоғамдық мавзолейге көшіру туралы бастама көтерді. Ал, сот оның сүйегін қазып алып, кесенеге көшіруге рұқсат берді. Футболшыға арналған бұл нысан президент сарайының маңында орналасатын болады.
«Біз оның орны адамдардың арасында екенін білетінбіз. Бірақ қауіпсіздік басты орында тұратынын да ұмытқан жоқпыз. Біз оны жақсы көретін кез келген адам оған деген құрметін көрсете алса екен дейміз», - деді марқұм футболшының қызы Далма Марадона.
Кесене құрылысы 2025 жылы Буэнос-Айрестің Пуэрто-Мадеро ауданында басталады деп жоспарланған.
Диего Марадона 2020 жылдың 25 қарашасында 60 жасында қайтыс болды. 1986 жылғы әлем чемпионы жүрек талмасынан көз жұмған еді.