«Астана» сырт алаңда «Корвинулды» жеңіп, керемет камбэк жасады

«Астана» сырт алаңда «Корвинулды» жеңіп, керемет камбэк жасады
Футбол

instagram.com/fca.astana

Футболдан Конференция лигасының үшінші іріктеу кезеңінде елордалық «Астана» сырт алаңда румыниялық «Корвинул» командасымен кездесті, деп хабарлайды Bassport.kz. 

Алғашқы таймда алаң иелері допқа көп иелік етіп, қонақтар қақпасына бірнеше қауіпті соққы бағыттап, жылдам гол соғып алуға тырысты. Ал, елордалық команда футболшылары қарымта шабуылға иек артып, қорғаныста аса сақ ойнады. Дегенмен «Корвинул» футболшылары кездесудің 37-минутында есеп ашып кетті. 

Үзіліс кезінде Бабаян футболшыларының бойына сенім ұялатты ма, жоқ әлде жақсы тактика қойып берді ме, әйтеуір төрешінің ысқырығы естілісімен бірден шабуылға лап қойды. Таразы басын теңестіретін бірнеше мүмкіндік те болды. Тек ойынның 62-минутында ғана таблодағы есепке өзгеріс енді. «Астана» сапынан Камара шеберлігімен көзге түсіп, екі бірдей қорғаушыны алдап өтіп, қақпашыны қапы қалдырды. Әрмен қарай ойын одан сайын қыза түсті. Алаң иелері де, қонақтар да алма-кезек шабуылмен бір-бірінің қақпасын торуылдаумен болды. Тәжірибесі толысқан елордалықтар еурододада қалай ойнау керек екенін румыниялық ұжымға ойынның 80-минутында көрсетті. Командаға еурокубоктық бәсеке алдында келген Чинеду жеңісті голды соғып, қазақстандық жанкүйерлерді бір желпінтіп қойды. 

Алда әлі қарымта кездесу бар. Алайда сырт алаңда өткен алғашқы ойында камбэк жасаған елордалық команда өз алаңында да жеңіске жетіп, жанкүйерлерге қуаныг сыйлайды деп үміттенеміз.