Атланта Олимпиадасынан бері алғашқы медалімізге қол жеткіздік – Ольга Довгун
Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы
Нысана көздеуден аралас командалық сында Қазақстан Париж Олимпиадасының қола медалін жеңіп алды. Елімізге ең алғашқы медалді Александра Ле мен Ислам Сәтпаев сыйлады. Осы орайда, Bassport.kz бас бапкер Ольга Довгунмен тілдескен болатын.
«Шынымды айтсам, қатты қуанып тұрмын. Мен осы жаттығу бойынша спортшыларымыз медаль алатынын сездім. Тіпті, алтын немесе күміс жүлде болады деген сенімім болғаны рас. Өйткені, екеуінің де нәтижесін, аяқ алысын көріп жүрмін. Екеуі де әлемдік деңгейде жүлдеге таласа алатын спортшылар. Нысана көздеуден Азия чемпионатында, әлем кубогі кезеңдерінде дәл осы бағдарлама бойынша екеуі финалға шығып жүрген. Тек сәттілік жетіспей қалатын.
Мысалы, Азия біріншілігінде қола медальға таласып, ұтылды. Міне, соның бәрі артта қалып, ең үлкен жарыс – Олимпиада ойындарында қола медаль алып отыр. Қуанышымда шек жоқ. Іріктеу кезеңінде әр командаға 30 рет ату мүмкіндігі беріледі де, алғашқы төрт команда финалға өтеді. Біздің спортшылар үшінші орынмен өтті. Қола медаль жеңіп алды.
Негізі, нысана көздеуден Олимпиада ойындарында ең бірінші жүлде ойнатылады. Тек бағдарлама ауысты демесеңіз, үнемі Олимпиадада бірінші медальді мергендер сарапқа салады. Ең алғашқы жарыс күнінде Қазақстанға ең алғашқы медальді сыйлау – керемет сезім! 1996 жылғы Атланта Олимпиадасынан бері медаль болмаған. Міне, сол үрдісті бұзып, жанкүйерлерді қуантқанымыз үлкен бақыт", - деді Довгун.
Бас серіктес – «Самұрық Қазына» ҰӘҚ» АҚ
Серіктес – Sport Qory спортты қолдау қоры
Ақырыс Сейтқазы, арнайы Парижден